Әлемде: АҚШ-Қытай сауда соғысы, түнгі клубта қайтыс болғандар және 111 жастағы әже құпиясы

10 Сәуір 2025, 20:05
575
Бөлісу:

BAQ.KZ тілшісі бүгін әлемде болған оқиғаларға шолу жасап, қызықты деген жаңалықтар топтамасын ұсынады.

Трамп Қытай саудасын шайқалтатынын айтты

АҚШ президенті Дональд Трамп Қытайдан келетін импортқа тарифтерді күрт көтерді. Бұл — жай жауап қана емес, сауда жүйесін түбегейлі өзгертуге бағытталған қадам, деп хабарлайды BBC.

АҚШ пен Қытай арасындағы сауда майданы қайта ушықты. Президент Дональд Трамп Қытайдан келетін тауарларға 125% көлемінде баж салығын енгізіп, бұл қадамды Пекиннің 84%-дық жауаптық тарифіне қарсы әрекет деп атады. Толығырақ мына жерде.

Ердоған: "Түркияға Трамп салығы қорқынышты емес"

Түркия Америка Құрама Штаттары енгізген импорттық салықтың салдарынан қорықпайтындарын мәлімдеді. 

Anadolu агенттігі таратқан ақпаратқа сәйкес, бұл туралы елдің көшбасшысы Режеп Тайып Ердоған мәлімдеді.

Президенттің айтуынша, Түркия жоғары емес тарифтер енгізілген мемлекеттер қатарына қосылған.

Біз бұл кезеңнен өзге елдерге қарағанда оңай өтетінімізге сенемін, - деді Ердоған Анкарада биліктің әділ және даму партиясымен өткен кездесуінде. 

Толығырақ мына жерде.

Шатыры опырылған түнгі клуб

Доминикан Республикасындағы аты аңызға айналған түнгі клубтың шатыры опырылып түсіп, 184 адамның өмірін жалмады, деп хабарлайды AP басылымы.

Santo Domingo қаласында болған бұл апатқа байланысты құтқару топтары бейсенбі күні Jet Set түнгі клубының үйінділерін тазартуды жалғастырды. Алайда тірі қалғандарды табуға деген үміт күн өткен сайын сөніп барады.

Jet Set клубында болған қайғылы оқиға кезінде 200-ден астам адам зардап шеккен. Қазір ауруханада әлі де ондаған адам ем қабылдап жатыр, оның сегізі ауыр халде. Денсаулық сақтау министрі Виктор Аталланың айтуынша, ауыр жарақат алғандардың өмірін сақтап қалу қиын. Толығырақ мына жерде.

Қытай Украина президенті Владимир Зеленскийге жауап берді

Қытай билігі Украина президенті Владимир Зеленскийдің "кемінде 155 қытай азаматы Ресей армиясының қатарында соғысып жүр" деген мәлімдемесіне жауап қайтарды, деп хабарлайды Bloomberg.

Біз тиісті тараптарға Қытайдың рөлін дұрыс әрі айқын түсінуге, жауапсыз пікір білдірмеуге кеңес береміз, – деді Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Линь Цзянь бейжібде өткен баспасөз жиынында.

Оның айтуынша, Қытай бұл соғысқа қатыспайды және қақтығысты бейбіт жолмен шешуді қалайды.

Бұған дейін Зеленский Ресейдің Қытай азаматтарын жалдап жатқаны туралы Қытай үкіметі хабардар екенін мәлімдеген еді. Ол Донецк облысында екі қытайлық азаматтың ұрыста тұтқынға түскенін айтып, Украина Сыртқы істер министрі Андрей Сыбихаға бұл мәселеге байланысты Қытаймен дереу байланыс орнатуды тапсырғанын жеткізді. Толығырақ мына жерде.

111 жастағы әже құпиясын айтты

Жапонияның Сидзуока префектурасындағы Хамамацу қаласында тұратын 111 жастағы Масаэ Фурухаси ресми түрде елдің ең ұзақ өмір сүрген тұрғыны деп танылды, деп хабарлайды LongeviQuest.

Фурухасидің ұзақ өмір сүру құпиясы оның өмір салтына байланысты болуы мүмкін. Бала кезінде ол күн сайын мектепке дейін 12 шақырымды велосипедпен жүріп өтетін, қайтар жолымен қосқанда күніне 24 шақырым жол жүретін болған. Кейінірек мұғалімге тұрмысқа шығып, төрт бала дүниеге әкелген. Алайда небәрі 27 жасында жесір қалыпты. Толығырақ мына жерде.

Өзгелердің жаңалығы