Әлемде АЭС құрылысы қарқын алды: Қазақстан технология таңдағанда нені ескеруі керек?

24 Қыркүйек 2026, 11:35
АВТОР
 gov.kz 24 Қыркүйек 2026, 11:35
24 Қыркүйек 2026, 11:35
223
Фото: gov.kz

Әлемнің бірқатар елі жаңа атом электр станцияларын салып, реактор технологияларын таңдап жатыр. Қазақстан да алғашқы АЭС жобасын жүзеге асыруға кірісті. Шетелдік тәжірибе технология мен мердігерді таңдауда ескеру керек дүниелер бар дейді, BAQ.KZ тілшісі Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігіне сілтеме жасап.

Атом энергетикасын кеңейту қарқыны әсіресе Қытайда байқалады. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің дерегіне сәйкес, елде 35 реактор салынып жатыр. Қытай шетелдік технологияларды қолданумен қатар, өз реакторларын дамытып, атом саласындағы өндірістік мүмкіндігін ұлғайтуда.

Азиядағы басқа елдер де әртүрлі жол таңдаған. Үндістан өз реакторларын дамытып, «Куданкулам» АЭС-інде ресейлік технологияны пайдаланып жатыр. Бангладеште ВВЭР-1200 реакторлары орнатылатын «Руппур» станциясы салынуда. Ал Біріккен Араб Әмірліктеріндегі «Барака» АЭС жобасы Оңтүстік Кореяның халықаралық нарықтағы тәжірибесін көрсетті. Кореялық KHNP компаниясы Чехиядағы «Дукованы» АЭС-іне екі жаңа блок салу жобасына да қатысып отыр.

Түркиядағы «Аккую» мен Египеттегі «Эль-Дабаа» жобаларында ресейлік ВВЭР-1200 технологиясы қолданылуда. Атом энергетикасына алғаш қадам басқан мемлекеттер үшін құрылыс басталғанға дейін де ауқымды жұмыс атқарылуы тиіс: заңнаманы бейімдеу, реттеуші органдардың жұмысын жолға қою, инженерлер мен операторларды оқыту қажет.

Еуропада бір технологияға ортақ таңдау жоқ.

Франция өз реакторларын дамытуға басымдық берсе, Венгрия «Пакш II» жобасы үшін ВВЭР-1200 технологиясын таңдады. Польша алғашқы АЭС-інде Westinghouse компаниясының AP1000 реакторын қолдануды жоспарлап отыр. Алайда технологияны таңдау станция құрылысы басталды дегенді білдірмейді: жобалау мен лицензиялау да уақыт пен қаржы талап етеді.

Ірі энергоблоктармен қатар шағын модульдік реакторларға қызығушылық өсуде. Мәселен, Канаданың ядролық қауіпсіздік жөніндегі комиссиясы 2025 жылы Дарлингтон алаңында бір BWRX-300 реакторын салуға лицензия берді. Бұл – технологияны іске асыру жолындағы маңызды кезең, бірақ реактордың пайдалануға берілгенін білдірмейді.

Қазақстан үшін әлемдік тәжірибеден қандай сабақ бар?

АЭС мердігерін таңдағанда реактордың қуаты мен бағасынан бөлек, құрылыс мерзімі, жабдық жеткізу мүмкіндігі, қазақстандық кәсіпорындардың қатысуы, кадр даярлау және станцияға ұзақ мерзім қызмет көрсету шарттары да маңызды.

«Балқаш» АЭС жобасы бойынша Ресеймен үкіметаралық келісім жасалды. Жоба екі ВВЭР-1200 реакторын салуды көздейді. Ендігі мәселе – құрылыспен қатар Қазақстанның өз инженерлерін, өндірістік мүмкіндігін және атом нысандарын қауіпсіз пайдалануға қажет құзыреттерін дамыту.

Әлемдегі жобалар атом энергетикасында бәсеке тек реактор технологиялары арасында жүрмейтінін көрсетеді. Елдер станцияны салып қана қоймай, оны қауіпсіз басқарып, ұзақ жыл қызмет көрсете алатын жүйе қалыптастыруға ұмтылып отыр. Қазақстан үшін де жобаның ұзақ мерзімді нәтижесі осы міндеттердің қалай орындалатынына байланысты болмақ.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстанда алғашқы АЭС салу туралы келісімге қол қойылды.

Сондай-ақ, Қазақстандағы алғашқы АЭС ресейлік ВВЭР-1200 жобасы негізінде салынатыны хабарланды.

Наверх