Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп Халықаралық волонтерлер форумында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әлемнің ілгері жылжып, дамуы үшін волонтерлік қызметтің маңызы өте зор. Ел басына күн туған, қиын замандарда, түрлі табиғи апаттарда адам баласы бір-біріне қолдау көрсетіп, көмек қолын созып, тығырықтан шығар жолды бірлесіп іздейді. Қазақ халқының өмір салтындағы асар деген ғұрып та осы дәстүрдің жарқын көрінісі, - деді ол.
Сенатор уақыт өткен сайын Қазақстанда волонтерлік қызмет аясы кеңіп келе жатқанын айтып, волонтерлік қызметтің қуатын көрсеткен пандемия кезін еске алды.
Барлығымыздың есімізге COVID-19 пандемиясы түседі. Әлем халқы волонтерлік қызметтің қандай қуатты екеніне көз жеткізді. Дәрігерлерге, тәртіп сақшыларына жәрдемдесіп, елжандылық танытты, мұқтаж отбасыларға көмектесті. Індетпен күрестің алдынғы шебінде жүрді деп айтуға болады, - деді ол.
Еске салсақ, Астанада Халықаралық волонтерлер форумы өтіп жатыр.
Форумға 34 елден 140-тан аса шетелдік қатысушы келген.