Талдықорғанда үш жасар қыздың аяусыз соққыға жығылуына қатысты оқиға жаңа мәліметтермен толықты. Қайырымдылық қорының жетекшісі Екатерина Доброва әлеуметтік желідегі жазбасында баланың бұрын ауыр дертпен күрескенін және оны әкесінің зорлық-зомбылығынан қорғау үшін атқарылған жұмыстар туралы ашық жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айта кетейік, 2 ақпан күні сағат 21:00-де «102» пультіне медициналық мекемеден үш жасар баланың зорлық белгілері бар дене жарақаттарымен жеткізілгені хабарланды. Оқиға бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, бүлдіршіннің әкесі қамауға алынды.
Доброваның айтуынша, екі жыл бұрын қыз бала бауыр циррозымен ауырған. Оған шұғыл түрде бауыр трансплантациясы қажет болған. Сол кезде қайырымдылық қоры мен бейжай қарамаған азаматтар оның еміне қаражат жинап, өмірін сақтап қалуға көмектескен.
Бүкіл әлем сенің қызыңды бауыр циррозынан аман алып қалды, сен оны кейін ұрып өлтіруің үшін емес! – деп жазды қор жетекшісі.
Оның сөзінше, бастапқыда әкесі баланың ем қабылдауына кедергі келтіріп, шетелге шығуына рұқсат бермеген. Ал анасы психологиялық күйзелісте болған. Тек баланы қауіпті жағдайда қалдырғаны үшін жауапкершілікке тартылуы мүмкін екені ескертілген соң ғана әкесі анасы мен қызын Түркияға емделуге жіберуге келіскен.
Қыздың жағдайы өте ауыр еді. Цирроздан бөлек, оған тиісті күтім жасалмаған. Дене мүшелерінің барлығы көгеріп, терісі қатты қабынған болатын. Анасының көзінен және бір нүктеге қадалған жанарынан көп нәрсені түсіндім. “Ол сені ұра ма?” деген сұрағыма ол “Иә” деп жауап берді, – дейді Доброва.
Түркияда жасалған ота сәтті өткен. Анасы күйеуіне қайта оралмайтынына уәде берген. Алайда, Доброваның айтуынша, ер адам кейін де қор басшысын және ананы қорқытып, қоқан-лоқы жасаған.
Емделіп елге оралғаннан кейін әйелдің анасы қайтыс болған. Белсендінің болжамынша, осы жағдайдан соң әйел қайтадан күйеуіне оралған болуы мүмкін.
Мен осы уақытқа дейін үндемедім. Бірақ мұндайға үнсіз қалуға болмайды. Ақжарды аман алып қалу үшін қанша түн ұйықтамай қаражат іздегенімді бір өзім білемін. Егер қыздың анасы кейін шегінсе (ал оның ауруханадағы видеоны өшіруді сұрап жатқанын білемін), онда ол да әкесімен бірге жауап береді немесе арнайы мекемеге жатқызылады, – деп жазды Доброва.
Ол қажет болған жағдайда Қазақстанға келіп, әкенің өзіне айтқан қоқан-лоқыларының жазбаларын ұсынуға дайын екенін жеткізді.