Әлем чемпионы халықарлық сұлулық байқауын жеңіп алды

29 Сәуір 2022, 17:55
2346
Бөлісу:
Әлем чемпионы халықарлық сұлулық байқауын жеңіп алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 26 жастағы қазақстандық дзюдошы Әйгерім Әбілқадірова Неапольде (Италия) өткен сұлулық байқауында Гран-приді жеңіп алды.

Қазақстандық спортшы "Miss Europe Continental-2022" халықаралық сұлулық байқауына шақырту алып, үздік ондыққа енді де, кейін жеңімпаз атанды.

Әбілқадірова грэпплингтен қазақтан шыққан жалғыз әлем чемпионы. Сонымен қатар, ол теледидар экрандары мен журналдардың мұқабасында жиі көрінетін модель және актриса.

Айта кетейік, Айгерім Жанатқызы  1996 жылы 2 ақпан күні Астана қаласында дүниеге келген. 2002 жылы дзюдо спортына алғашқы қадамын басты. 

Спорт табалдырығына 5 жастан бастап басты. 2005 жылдан бастап түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. 2005 – 2007 жылдар аралығында ұлдар арасында Республикалық жарыстарға қатысып, жеңімпаз және жүлдегер атанды. 2008 - 2017 жылдар аралығында дзюдодан 10 дүркін Қазақстан чемпионы. 2011 жылы Ливан елінде, Бейрут қаласында Азия Чемпионы атанып, өзінің алғашқы ірі жеңісіне қол жеткізді. Сол жылдың тамыз айында Украина елінің Киев қаласында өткен Әлем біріншілігінде ел намысын қорғады. 

2012 жылы сәуір айында Чехия елінде, Теплица қаласында Европа Кубогында қола жүлдегері, мамыр айында Румыния елінде, Питешти қаласында Европа Кубогында күміс жүлдегері. 2012 жылы Қытай елінің Ханьянь қаласында Азия біріншілігінде қола жүлдеге ие болды. 2013 жылы наурыз айында Турция елінде, Анталия қаласында Европа кубогының күміс жүлдегері, сәуір айында Испания елінде Халықаралық жарыстың жеңізпазы. 2013 – 2014 жылдар аралығында Америка елінде Маями қаласында өткен Әлем біріншілігінде  де теңдессіз өнерімен тамсандырды. 2013 жылы қазан айында Тайвань елінің Тайбэй қаласында Азия Чемпионатында күміс жүлдегері атанды. 

2014 жылы Париж, Москва, Афины қалаларында оқу-жаттығу тәжірибелерімен алмасты. 2014 жылы Қытайдың Гонг-Конг қаласында Азия Чемпионатын жеңіп, күміс жүлдегері атанды. Сол жылдың желтоқсан айында Ресей елінің Новосибирск қаласында халықаралық жарыстың жеңімпазы атанды. 2015 жылы Сауд Арабиясында, Абу-Даби қаласында ел намысын қорғап, Әлем Чемпионатында 5-інші орынға ие болды. 2016 жылы Венгрия елінде Пакш қаласында өткен Европа кубогында қола жүлдеге ие болды. 2018 жылы грэпплинг спортының Қазақстан чемпионы. 2018 жылы Қырғыстан елінің Бишкек қаласында өткен Азия Чемпионатында қарсыластарынан басым екенін дәлелдеп, бас жүлдені иеленді. 

Asia Open, Kazakh Batyry Championship жарыстарында жеңіске жетіп, Әлем біршілігіне жолдама алды. 2018 жылы 6-9 қыркүйек күндері аралығында өз еліміздің төрінде өткен Әлем біріншілігінде ел намысын қорғап, грэпплинг тарихында 1-ші және жалғыз Әлем чемпионы атанып, көк туымызды ең жоғарғы сатыда желбіретіп, ән нұранымызды шырқатты. 

Өзгелердің жаңалығы