Әлем чемпионаты - 2022. Жұлдыздарды көрумен шектелеміз бе?

11 Желтоқсан 2020, 12:04
4153
Бөлісу:
Әлем чемпионаты - 2022. Жұлдыздарды көрумен шектелеміз бе?
EX PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанда 2020 жылғы футбол маусымы толықтай аяқталды. Клубтарымыз еурокубокта екінші айналымнан әрі аса алмаса, ұлттық құрама Ұлттар лигасында өз тобында соңғы орынға қалып қойды. Енді 2022 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі бар. Жеребе жеңіл түспеді. Бұл жолы мүмкіндігіміз қалай болмақ? Тағы да «бастысы жеңу емес, қатысу» деп өз-өзімізді жұбатамыз ба?

Әлеуметтік желіде қыздар құрамасының Франциядан 0:12 есебімен жеңілгені талқыланып жатыр. Енді келесі жылы ерлер құрамасы жолықпақ. Франция – 2018 жылғы әлем чемпионы. Екі жыл бұрын ғана өздеріне лайықты қарсылас таппаған құраманың ойыншылары да кілең сайдың тасындай болып тұр. Одан бөлек Украина, Босния және Герцеговина мен Финляндия бар. Қай-қайсын алсаңыз да осал емес. Қазақстанға тұңғыш рет іріктеуден ұпай алмай қалу қауіпі де жоқ емес.


Франция (рейтингтегі орны 2)
Әлем чемпионаты - 2022. Жұлдыздарды көрумен шектелеміз бе?

Бұл құраманың 2010 жылғы әлем чемпионатында сәтсіздікке ұшырағаны белгілі. Одан кейін буын алмасты. Соңғы жылдары бас бапкер Дидье Дешамға таңдау жасау мүмкіндігі жоғары болып тұр. Әрбір позицияда кемі 2-3 жұлдыз ойыншыдан бар. Негізгі құрам толықтай ТОП клубтарда ойнайды. Соңғы екі ірі халықаралық доданың финалында ойнады. 2016 жылы Еуропа чемпионатында екінші орынға ие болса, одан кейін 2018 жылы әлем чемпионатында қарсылас шыдатпады. Осы күні Киллиан Мбаппе, Поль Погба, Антуан Гризманн, Рафаэль Варан, Н’Голо Канте, Бенжамен Павар, Люк Эрнандес, Антони Марсьяль секілді жалғаса беретін тізімдегі ойыншыларды білмейтін жанкүйер жоқ шығар. 

Енді осындай команданың қақпасына қауіпті шабуыл ұйымдастырудың өзі жетістік болатын секілді...


Украина (рейтингтегі орны 24)
Әлем чемпионаты - 2022. Жұлдыздарды көрумен шектелеміз бе?

Қазақстан мен Украина ұлттық құрама деңгейінде бірнеше рет кездескен. Өкінішке қарай, төрт ойынның төртеуі де қарсылас пайдасына шешілген. 

Украина осы топта екінші орын алудан басты үмітті құрама. Ұлттар лигасында олар Германия, Испания, Швейцариямен терезесі тең ойын көрсетті. Украина футболшылары соңғы жылдары Еуропа командаларыны тарапынан сұранысқа ие. Италияда, Англияда басқа елдерде ойнайтын футболшылары бар. Сондықтан дәл қазір Қазақстанның қауқар көрсетер шамасы аздау.


Финляндия  (рейтингтегі орны 54)
Әлем чемпионаты - 2022. Жұлдыздарды көрумен шектелеміз бе?

Финляндия Ұлттар лигасы арқылы өз тарихында алғаш рет Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алды. 12 қарашада жолдастық кездесуде Францияны 2:0 есебімен жеңіп кеткені тағы бар. Осы күні Еуропаның орта деңгейлі құрамаларының бірі болып тұр. Қазақстан мен Финляндия жасыл алаңда үш рет кездескен. 2006 жылы Кипрдегі халықаралық турнирде екі құрама негізі уақытта түскен еді. Сосын пенальтиден Қазақстан жеңген. Ал ресми турнирде екі рет жолығып, екеуінде де финдер үш ұпайдан еншілеген. Ол кезде Қазақстан құрамасын Арно Пайперс баптаған болатын.

Бүгінгі таңда Финляндия құрамасының көшбасшылары қатарында Лукаш Градецки («Байер», Леверкузен), Теему Пукки («Норвич Сити»), Йере Уронен («Генк»), Робин Лод («Миннесота Юнайтед») секілді ойыншылар бар.


Босния және Герцеговина (рейтингтегі орны 55)
Әлем чемпионаты - 2022. Жұлдыздарды көрумен шектелеміз бе?

Ұлттық құрама деңгейінде екі ел алғаш рет кездеспек. Әйтпесе жастар құрамасы мен клубтық деңгейде талай рет жолымыз түйіскен.

Мүмкін осы құрамадан өз алаңымыздан ұпай алып қалуға болатын шығар. Босния және Герцеговина 2020 жылы 8 ойынның бірде-біреуінде жеңіске жетпеген. Әсіресе Нұр-Сұлтандағы жасанды алаңда ойнасақ, мүмкіндіктің бар екені сөзсіз. Негізі бұл  құрамада бірнеше жұлдызды ойыншы өнер көрсетеді. Атап айтсақ, Эдин Джеко («Рома»), Миралем Пьянич («Барселона»), Эдин Вишча («Ыстанбұл Башакшехир»), Раде Крунич («Милан»), Амер Гояк («Торино»), Гойко Цимирот («Стандард», Льеж). 


Мамандардың болжамы қандай?

Украиналық бапкер Қазақстанда 2017-2018 жылдары «Ақжайық» клубын жаттықтырған Владимир Мазяр Қазақстанды бағаламай жатқандар көп деп санайды.

Әлем чемпионаты - 2022. Жұлдыздарды көрумен шектелеміз бе?

Негізі қызық топ. Меніңше көбісі Қазақстанды бағаламай отыр. Әрине Ұлттар лигасындағы құраманың көрсеткен нәтижесі төмен. Бірақ ол ойындарда Исламхан, Зайнутдинов секілді көшбасшылар болған жоқ. Сонымен қатар буын алмасу процесі жүріп жатыр. Қазақстанда болашағынан үміт күттіретін жастар бар. Бірақ оларға уақыт қажет. Қазақстан футбол федерациясы ұлттық құрама жақсы нәтиже көрсету үшін барлық мүмкіндікті жасап жатыр. Балалар мен жасөспірімдер футболына көңіл бөлуде. Жаңадан жабық манеждер салуды қолға алған. Жыл бойы футбол ойнау үшін стадиондарға жасанды заманауи төсеніш төселгенін білемін. Жергілікті ішкі чемпионатты дамытуға көп көңіл бөлініп отыр. Сондықтан Қазақстан осы іріктеуде біразынан ұпай алатынына сенімдімін, – дейді украиналық маман. 

Қарағандының «Шахтер» командасында ұзақ жыл өнер көрсетіп, 99 гол соққан Руслан Иманқұлов ұлттық құрамаға бас бапкер тағайындалмайынша, болжам жасау қиын деп санайды.

Әзірге ұлттық құраманың бас бапкері анықталған жоқ. Сондықтан қандай құрам ойнайтынын білмейміз. Болжам жасау қиын. Тек бапкер тағайындалып, оның қандай стильде ойнайтыны белгілі болғанда бірдеңе айта аламыз. Қазір бар білетініміз, мықты топқа түстік. Қазақстанға қиын болады. Осы күні ұлттық құраманы бәрі сынап жатыр. Еуропадан кетіп, Азияға барыңдар деген пікір де бар. Одан не өзгереді? Бізге күштілермен ойнап тәжірибе жинаған дұрыс. Футболшылар сонда ғана өседі. Жеңіліссіз ешқашан жеңіс келмейді. Қазақстан қазір шыға салып, бәрін жеңуі мүмкін емес. Бірақ Финляндия, Украина, Босния және Герцеговинамен таласып көруге болады ғой. Франция туралы айтпай-ақ қояйын. Олар осы топтың көшбасшысы, – дейді Руслан Иманқұлов.

Ол Қазақстанға келетін құрамаларды екі жағдай қиындық тудыруы мүмкін деп санайды. Біріншісі ауарайы, екіншісі жасанды алаң. Бірақ нағыз кәсіби футболшылар мұндай қиындықтарды елемеуі тиіс деп отыр.

Қазақстан үшін аздаған пайдасы болу керек. Егер футболшы табиғи алаңнан жасанды алаңға ауысқанда арқасы ауыруы мүмкін. Бірақ шеберлік, соққы ешқайда жоғалмайды. Бәлкім, мұндай жағдайда 100 пайыз шеберліктің 5-10 пайызы кемуі мүмкін. Меніңше, басқа-басқа Францияға бұл жағдай кедергі болмауы тиіс, – дейді ардагер футболшы.

Италияның «Рома» командасы мен Босния және Герцеговина құрамасының капитаны Эдин Джеко Қазақстанның мақтауын келістіріпті. Оның бұл құрметі ме, әлде кекеткені ме түсінбедік.

Біз рейтинге төмен сырғып, үшінші себеттен түсіп қалдық. Сондықтан қиын топ болатынын күттік. Франция сөзсіз, топтың фавориті. Бірінші орынға басты үміткер құрама. Одан бөлек, Украина бар. Финляндия бірнеше жылдан бері жақсы ойнап жүр. Еуропа чемпионатына жолдама ала алмай қалуымызға себеп болған құрама. Әлі күн ол жеңіліс есімнен кетпей жүр. Өкініш өзекті өртейді. Сонымен қатар бесінші құрама да осал емес. Ол - Қазақстан құрамасы. Осы топтағы үздіктердің бірі, - депті Джеко Босния және Герцеговина футбол қауымдастығының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.

Бір кездері Финляндия чемпионатында доп тепкен қазақстандық футбол ардагері Болат Есмағамбетовтің де айтары бар.

Франция құрамасымен бір топқа түсіп, жарысатынымыз қызық. Оның үстіне, олармен алғаш рет кездесеміз. Франция - топтың сөзсіз фавориті. Ал екінші орынға Украина мен Финляндия таласатын болар. Біздің құрама соңғы кездері сенсация жасауды азайтты. Былтыр Шотландияны жеңді. Сонымен тоқтап қалдық. Енді осы жолы соңғы орынға қалмауға тырысатын шығармыз. Басқа мүмкіндігіміз аздау, – дейді Болат Есмағамбетов.

Ол осы рет Украина футбол дамып жатқанын, жаңа таланттар көбейіп жатқанын айтты. Финдер Еуропада сұранысқа ие деп отыр. 

Ал Босния және Герцеговина өзге балқандықтар секілді ыңғайсыз қарсылас. Мұндай құрамалармен ойнағанда ойнымыз жүрмей жатады. Жігіттер қалай болмасын, ұпай жинауға тырысуы керек. Егер өз алаңымыздағы ойындар Нұр-Сұлтандағы жасанды алаңда өтсе, қарсыластарға қиын болары сөзсіз. Өйткені Еуропа командалары мұндай алаңда ойнай бермейді. Сосын Қазақстанның сағаттық белдеуі мүлдем басқа. Жол ұзақтығы тағы бар. Оның бәрі қарсыластарға әсер етуі мүмкін, – дейді сарапшы.

Қорыта айтқанда, Қазақстаннан прогресс күтеміз. Дәл осындай топта кемі соңғы орын алмасақ, оның өзі алға жылжу деп бағалауға болатын шығар. Тек Антуан Гризманн, Поль Погба, Эдин Джеколармен суретке түсу үшін ғана көріп қайтпасақ, болғаны. 

D тобының ойындарының кестесі: 

28.03.2021 Қазақстан – Франция;

31.03.2021 Украина – Қазақстан; 

01.09.2021 Қазақстан – Украина; 

04.09.2021 Финляндия – Қазақстан; 

07.09.2021 Босния және Герцеговина – Қазақстан; 

09.10.2021 Қазақстан – Босния және Герцеговина; 

12.10.2021 Қазақстан – Финляндия;

13.11.2021 Франция – Қазақстан. 

Әлем чемпионатының финалдық кезеңіне әр топтың жеңімпаздары жолдама алады. ХХІІ Әлем кубогының финалдық турнирі 2022 жылы 21 қараша мен 18 желтоқсан аралығында Катарда өтеді.

Өзгелердің жаңалығы