Биыл әлем жұртышылығы үшін ауыр сынақ болды. Саясатта бейбіт келісім мен өзара тығыз байланысқан алпауыт елдер бір-біріне агрессивті жауап қайтарды. Оның соңы санкция мен ақпараттық астыртын саясатқа ұласты. Бұл жағдай экономикасы әлсіз дамушы елдерге ауыр тиді. Өйткені олар сол алпауыттардың нарығына тәуелді болды. Осылайша, елдер де бай мен кедейше ар жігі ажырап қалды. Пандемиядан соң әлем халқы жаңа мәдениетке, түрлі өзгерістерге бейімделе бастады. Әлемде жаңа тенденциялар пайда болды, - деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
Жаһандық мәселелер әлі сақталып тұр. Украинадағы соғыс пен Ресейге салынған санкциялардың әсері Орталық Азия елдерінің нарығына айтарлықтай әсер етті. Жыл соңына қарай Батыс Еуропаның кейбір елдері энергетикалық кризиске тап болды.
Қаңтар оқиғасы
Жыл басы Қазақстан үшін де ауыр болды. 2 қаңтарда бастау алған бұл оқиғалар тәуелсіз Қазақстанның 30-жылдық тарихындағы қатал қыс болды.
Алғашында Жаңаөзен қаласында басталған шеру артынан еліміздің басқа қалаларына да таралды. Халық Алматы, Ақтөбе, Ақтау, Атырау, Қарағанды, Астана, Шымкент, Көкшетау, Орал және т. б. қалалардің көшелеріне шығып, экономикалық талаптармен қоса саяси өзгерістерді талап ете бастады. Бастапқыда бейбіт басталған бейбіт наразылық артынан қарулы қақтығыстар мен тонаушылыққа ұласты. 5 қаңтарда басталған тәртіпсіздіктер ресми деңгейде мемлекеттік төңкеріс деп аталды.
Ресей-Украина: Соғыс қалай басталды?
2021 жылдың 21 ақпанында Ресей Президенті Владимир Путин сепаратистік «Донецк халық республикасы» мен «Луганск халық республикасының» тәуелсіздігін мойында, оны құжат жүзінде бекітті. Путин бұл «республикаларға» Донецк пен Луганск облыстарының бүкіл аумағы кіретінін айтты.
24 ақпанда Путин Украинаға қарсы «арнайы әскери операциясы» басталғанын жариялады.
Жағдай қандай да бір шешім қабылдауды және жедел әрекет етуді талап етеді. Донбасс Халық республикалары Ресейден көмек сұрап жүгінді. Осыған байланысты, БҰҰ Жарғысының 51-бабына сәйкес, Федерация Кеңесінің санкциясымен және Федералды жиналыс бекіткен ДХР мен ЛХР-мен достық және өзара көмек туралы келісімдерді орындау үшін мен арнайы әскери операция жасау туралы шешім қабылдадым, - деп жазды Путиннің сөзін РИА Новости.
Ресейлік ақпараттық кеңістігінде «Украина жерін 2-3 күнде басып аламыз» сөз тарады. Әскери операция өршіген кезде Ресей президенті Владимир Путин Мәскеудің талаптары орындалмайынша, әскери әрекеттер тоқтамайтынын ескертті. Бұл тұста Украинадағы жағдай тіптен шиеленісті. БҰҰ наурыз басында Украинадағы соғыстан өзге елді паналап кеткен украиндықтар саны саны екі миллионнан асқанын хабарлады. Кейін бір ай өтпей жатып олардың саны 4 млн-нан асты.
Украина президенті Зеленский Владимир Путиннен жеке келіссөздерге келуді ұсынды. Украина президенті бұл– соғысты тоқтатудың жалғыз жолы деп есептеді.
Украина әскері ел аумағын азат етумен болды. Олар ай сайын 100-шақты кескілескен ұрыстарға тойтарыс берді. Ресей армиясының соққысынан Украинаның бірқатар қаласы қирап қалды. Мариуполь, Бахмут сынды қалалар жермен-жексен болды, 3000-нан астам ауыл жойылды. Ел астанасы Киевтің маңайындағы жарықпен, сумен, жылумен қамтамасыз ететін әлеуметтік нысандары күйреп, Киевтің 40 пайыз халқы жарықсыз қалған кездері де болды. Ресейдің тез арада басып алу жоспары іске аспай, бастапқы ойынан бас тартуға тура келді. Сарапшылардың айтуынша, қазіргі таңда Ресей әскері ауқымды шабуылға дайындалып жатыр.
Тіпті 2022 жылғы 21 қыркүйектен бастап Ресей Федерациясында ішінара мобилизациялау жарияланды. Нәтижесінде Ресейде жоспарланған үш жүз мың адамның 222 мыңы мобилизацияланды.
Украинаға ЕО мен АҚШ көмек көрсетті. Нәтижесінде Украина әскері әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері мен Javelin танкісіне қарсы зымырандар, электронды соғыс техникасы, радиолокациялық жүйелер, модернизацияланған артиллериялық оқ-дәрілер мен дәрі-дәрмектерге қолы жетті. Сонымен қатар жыл басынан бері ЕуроОдақ Ресейге қарсы бағытталған тоғызыншы санкция пакетін жарияланды.
Ресей басшысы Батыс Киевті Ресейге қарсы әскери операция ұйымдастыруға итермелеп жатқанын айтты. Ол жағдай ушықса ядролық қаруды қолданатынын бірнеше рет меңзеді.
Ресей басшысының айтуынша, Ресей аумақтық тұтастығы мен қауіпсіздігін қорғау үшін бар мүмкіндікті пайдалануға дайын.
Тағы атап өтемін, қолымыздағы барлық құралдармен қорғанамыз. Ал бізді ядролық қарумен бопсалауға тырысатындар желдің де өз бағытына бұрылуы мүмкін екенін білуі керек, - деді Ресей президенті халыққа жолдауында.
Илон Маск және әлеуметтік желі
Tesla басшысы Илон Маск «Твиттер» әлеуметтік желісін сатып алды. Америкалық кәсіпкер ол үшін 44 миллиард доллар төледі. Келісімнен кейін компанияның бұрынғы басшылығы қызметтерінен кетті. Илон Маск «Твиттерді» сатып алатыны жайлы көктем айында айтқан еді. Бірақ соңынан желіде боттар мен жалған аккауанттар туралы мәліметтердің жоқтығын айтып, оны алудан бас тартады. Осыдан кейін компания басшылығы Маскты сотқа берген еді. Содан осы айда миллиардер тексеру тоқтатылса әлеуметтік желіні бастапқы ұсыныспен сатып алуға дайын екенін мәлімдеген еді. Масктың бұл шешімін сарапшылар «эмоциямен қабылданған шешім» деп баға берді.
Шекара дауы: Қырғызстан – Тәжікстан
2022 жылы Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында қарулы қақтығыс өршіп кетті. Артынан Қырғызстанның шекара қызметі екі елдің арнайы қызметтері оқ атуды тоқтатуға келіскендей көрінді. Бірақ шекарадағы дауы оңайлықпен тоқтамады.
Қыркүйекте Қырғызстан мен Тәжікстан президенттері Самарқандтағы Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының (ШЫҰ) саммиті аясында қырғыз-тәжік шекарасындағы жағдай бойынша келіссөздер жүргізді.
Садыр Жапаров пен Эмомали Рахмон тиісті құрылымдарға атысты тоқтатып, күштер мен құралдарды ұрыс алаңынан шығару туралы тапсырма беруге келісті. Екі елдің арнайы қызметінің басшылары оқиға орнында жұмыс істейтін болады, оқиғаның мән-жайы мен себептерін анықтау үшін комиссия құрылды.
Қырғызстан мен Тәжікстанның мемлекеттік шекарасын делимитациялау және демаркациялау жөніндегі үкіметаралық комиссиясының жұмысын жеделдету туралы келісімге қол жеткізілді. Тәжікстан мен Қырғызстан шекарасындағы қақтығыс сәрсенбі, 14 қыркүйекте басталды. Қырғызстан шекара қызметі тәжік әскерилерін ортақ шекараның белгіленбеген учаскесінде позиция ұстанды деп айыптады. Тәжік тарапы өз сарбаздарына себепсіз оқ жаудырғанын алға тартады.
Ирандағы наразылық
Иранның шахматшы қызы Сара Хадем Алматыда өткен әлем чемпионатында Иран билігі талап ететіндей хиджапта болмаған.
Хадем - жарысқа Иранның атынан қатысқан жалғыз бойжеткен.
Иран қыз-келіншектерінің хиджаб кию мәселесі өз елдерінде соңғы айларда ушығып тұр. Иранның тәртіп полициясы қыркүйек айында ұлттық киімнің дресс-кодын бұзғаны үшін 22 жастағы Махса Аминиді ұстаған болатын. Ол қамауда көз жұмып, соған байланысты елде наразылық акциялары көбейды.
Ирандағы 22 жастағы қыздың өлімі қоғамда резонанс тудырғаны туралы жазған едік. Наразылықтан шеруге, кейін үлкен көтеріліске ұласқан оқиға барлық әлем назарын өзіне аударып қойды. Мектеп оқушылары хиджабтарын шешіп, тікелей эфирде шаштарын қырқа бастаған еді. Содан бері бірнеше айға созылған көтеріліс әлі басылмаған тұр.
Иранда бір аптадай тыныштыла бастаған наразылық қайта күшейген. Көтеріліс билікті қатаң шаралар қолдануға мәжбүрлеп, нәтижесінде арнайы жасақпен халық арасында қақтығыстар орын ала бастаған. Салдарынан бірнеше адам қаза тапты.
Олардың ішінде бейбіт, көтеріліске қатысы жоқ тұрғындар да бар. Оның біреуі – дүкенге отбасымен бара жатқан 10 жастағы бала. Әкесі де жараланған. Осындай жағдайларға байланысты, халық наразылығы тағы да туындап, көтеріліс одан бетер өрши түсті. Тіпті халыққа көптеген қалаларда оқ атылып жатыр.
Нэнси Пелосидің ерлігі
АҚШ Конгрессі өкілдер палатасының спикері Пелоси Тайваньға не үшін барды?
Пелоси әртүрлі елдердегі демократиялық қозғалыстар белсенді қолдайды. Биыл ол Украинаға да барды. Пелоси Киевтегі Конгресс делегациясын басқарды. Пелоси Тайваньға сапарды маңызды символдық әрекет деп санайды, өйткені қазір «әлем автократия мен демократияның арасында таңдау жасауға мәжбүр».
Біз Тайваньды қорғауымыз керек. Америка мен оның одақтастары әлемдегі автократтарға ешқашан берілмейтінімізді көрсетуіміз керек, - деді Нэнси Пелоси.
Қытай Халық Республикасы Тайваньды қытайдың провинция ретінде ықпалынан шығарғысы келмейді. Алайда тайваньдықтар жетпіс жыл бөлектеніп, өздерін дербес халық санайды.
АҚШ Конгрессі өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелосидің ұшағы 2 тамыз кешкісін Тайбэй қаласындағы Суншань әуежайына қонды. Пэлоси мінген ұшақ қонардан бұрын Қытай басылымдары Қытайдың Су-35 әскери ұшағы Тайвань аралын маңайлағанын жазып, оның келуіне қарсы сес көсеткен болатын.
Алайда, Пелоси кешкісін Тайваньға келіп, ұшақтан түсе:
АҚШ Конгрессі делегациясының Тайваньға сапары Американың қарқынды дамып жатқан Тайвань демократиясын мүлтіксіз қолдайтынын білдіреді, - деп мәлімдеді.
Пелоси аралда екі кездесу өткізіп үлгерген. Тайвань президенті Цай Инвэнь мен жергілікті парламент вице-спикері Цай Цичанмен жүздесті. Инвэнь Пелосиге үкімет медалін тапсырды.
Елизавета ІІ
Ұлыбритания патшайымы Екінші Елизавета 8 қыркүйекте 96 жасында өмірден өтті. Ол Ұлыбританиядағы және әлемдегі ең ұзақ билік еткен монарх болды. Оның ұзақ жылдар билігі британдық биліктегі рекорд болып тіркелді. Патшайым билік құрған 70 жыл ішінде технологияның қарқынды дамуы, ғарышты жаулап алу, социалистік жүйенің күйреуі мен әлемнің толығымен қайта құрылуы, экономикалық дағдарыстар мен түрлі әскери экспансиялардың куәсі болды.
Ең қызығы, екінші Елизавета таққа отырғанда Уинстон Черчилль Ұлыбританияның премьер-министрі, Гарри Трумэн АҚШ президенті, Иосиф Сталин КСРО-ны басқарып отырған еді.
Кейін елдің Премьер-министрі болып, Борис Джонсон келді. Оның экономиканы дамыту жоспары көпшіліктің сынына ұшырап, отставкаға кетуге мәжбүр болды. Қазіргі таңда 42 жастағы экс-қаржы министрі Риши Сунак Ұлыбританияның үшінші премьер-министрі атанды. Ол Ұлыбританияның ең жас премьер-министрі әрі британ тарихындағы үнді текті алғашқы премьер-министрі болып отыр.
Зеленский: «Келесі жылы шешуші кезең»
Украина президенті Владимир Зеленский жұмыс сапарымен АҚШ-қа барды. Бұл Зеленскийдің елде соғыс басталғалы бері алғашқы сапары.Зеленкий мен АҚШ Президенті екі сағаттай келіссөз жүргізді. Мұнан соң Конргестің қос палатасы алдында сөз сөйледі.
Біз әлемдік пікірде Ресейді жеңдік. Алайда, ұрыс жалғасып жатыр. Біз Кремльді соғыс алаңында жеңуіміз керек, - деді Зеленкий.
Ол «келер жыл – шешуші кезең» екенін атап өтті.
Джо Байден болса, америкалықтар еуропалық одақтастарымен бірге Украинаға қолдау көрсетуді жалғастыра беретінін айта келе, Украинаның өз жерін, тәуелсіздігін қорғауға көмектесетінін, әуе қорғанысы жүйесін одан әрі нығайтуға қажетті құралдардың бәрін беретінін мәлімдеді.
Біз Украинаны барлық жағынан қолдауды жалғастырамыз. Украина бейбітшілік үшін күресіп жатыр. «Бізге осы қару керек» десе, оны да береміз, – деді Байден.
Қатар – 2022: Аргентина шоуы
Биыл футболдан өткен әлем чемпионаты көпті таңғалдырды. Әлемдік доданың қыс айында өтуімен ғана емес өткізген Қатар мәдениетінің өзгешелігінде болды. Тіпті, алаңдағы ойын ережесі де бөлек болды. Бұл туралы футбол жанкүйерлері желілерінде Қатардағы форматтың бөлек екенін жарыса жазды.
Бір айға созылған футболдан әлем чемпионаты Аргентинаның жеңісімен аяқталды. Турнирдің алғашқы матчында Аргентина Сауд Арабиясынан 1-2 есебімен жеңіліп қалды. Алайда, сол жеңілістен сабақ алған Лионель Сколони шәкірттері қалған ойындарында өте жинақы ойын көрсетті. Дегенмен, Аргентина құрамасының матчтары – трагедияға толы, кейбір футболшылар үшін нағыз драмаға еді. Олардың ширек финалдағы Нидерландыға қарсы кездесуі өте ауыр өтті. Ойын ортасында футболшылар қызбалыққа салынып, бірін-бірі сөзбен тисуге көшті. Ойын – 2:2 (пенальти 3:4) Аргентина жеңісімен аяқталды.
Бұл әлем чемпионаты Лионель Месси мен Криштиану Роналду үшін үлкен маңызға ие еді. Қырыққа таяған екі футбол жұлдызының ұтпаған жалғыз жүлдесі – әлем чемпионаты болатын. Бірақ португалдық команда ширек финалда Мароккаға жол берді. Қатардағы әлем чемпионатында Лионель Мессидің арманы орындалды. Финалдық ойынан кейін, жүлдені табыстау рәсімінде Месси:
Бұл- ессіздік! Мен атаққа ие болғым келді. Бұл осы жердегі ең әдемі нәрсе. Қараңдаршы, кубок қандай әдемі. Мен мұны шынымен қаладым. Құдай маған бергісі келді, менде солай болатынын сездім. Біз көп қиналдық, бірақ бәрін еңсердік. Аргентина құрамасынан кететін уақыт келді деп ойламаймын, формада үш жұлдызбен өнер көрсету қаншалықты ақылсыз екенін көргім келеді, - деп келтіреді TyC Sports Мессидің сөзін.