Александр Винокуров Олимпиада күніне арналған велошеруді бастады

19 Маусым 2021, 11:48
1488
Бөлісу:
Александр Винокуров Олимпиада күніне арналған велошеруді бастады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Халықаралық Олимпиада күнін Қазақстанда атап өту эстафетасын Солтүстік Қазақстан өз мойнына алды. Петропавлда жаппай велошеру өтіп, оны Олимпиада чемпионы Александр Винокуров бастады, деп хабарлады Olympic.kz.

Бұл мереке жыл сайын 23 маусымда атап өтіледі. Аталған мереке Қазақстанда 28-ші рет атап тойланбақ. Осыған орай, Ұлттық Олимпиадалық комитеті бүкіл маусымды олимпиадалық құндылықтарға арнайды. Барлық іс-шаралар халықаралық олимпиадалық қозғалыстың «Бәріміз бірге: жылдам, биікке, мықты» жаңа ұранымен өтеді.

Винокуров атындағы спорт сарайынан жүзден астам велошабандоз велошеруге шықты. Ересектер мен балалар қала көшелерімен 10 шақырымдай жүріп өтті.

Александр Винокуров Олимпиада күніне арналған велошеруді бастады

Қатысушыларға Олимпиада күніне қатысқаны үшін Халықаралық Олимпиада комитетінің басшысы Томас Бах пен елдің Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Тимур Құлыбаев қол қойған сертификаттар табысталды.

Мен осында келгеніме және спортты сүйетін жерлестеріммен кездескеніме қуаныштымын. Бұл күндері велоспорттан Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр, сондықтан Петропавлды дәл қазіргі таңда велосипедшілер мекені деп атауға болады. Бүгінгі шараға қатысқандар қатарында болашақ олимпиадашылардың бар екеніне сенімдімін, - дейді Олимпиада чемпионы Александр Винокуров.


Олимпиада күні аясында мерекені атап өту 20 маусымда Алматыда спорттық құзға өрмелеу бойынша сайыспен жалғасады.  21 маусымда Ақтауда бокс және дзюдодан шеберлік сыныптары өткізілсе, 23 маусымда елордада баскетбол ойындары, стрит воркаут, каноэде есуден және текболдан сайыстар ұйымдастырылатын спорттық шара өтеді.




Өзгелердің жаңалығы