Қазақстандық теннисші Александр Бублик өткен жылы жеңіп алған Китцбюэль турниріндегі чемпиондық атағын қорғауды жалғастырып жатыр. Жартылай финалда ол аргентиналық Томас Мартин Этчеверриді екі сетте – 6:3, 6:4 есебімен ұтып, финалға жолдама алды.
Осыған дейін Бублик оңтүстікамерикалық теннисшіні екі рет жеңген болатын. Бұл жолы да басым түсіп, қарсыласынан үшінші мәрте айласын асырды.
Кездесуде қазақстандық теннисші екі брейк жасаумен шектелді. Алғашқы сетте қарсыласының добын екінші геймде ұтып алса, екінші партияда алғашқы геймде брейк жасады. Қалған 17 геймнің барлығында доп берген теннисшілер өз мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ.
Матч 1 сағат 24 минутқа созылды. Эйс саны – 7:7, қос қателік – 3:1, ұтқан ұпайлар көрсеткіші – 66:57.
Финалда Бубликті екі бірдей маңызды міндет күтіп тұр. Біріншіден, өткен жылғы чемпиондық үшін алған рейтингтік ұпайларын сақтап қалуы қажет. Гштаадтағы сәтсіздігінен кейін финалда жеңілсе, әлемдік рейтингте екі-үш сатыға төмендеп кетуі мүмкін.
Екіншіден, дәл осы Гштаад турнирінде қазақстандық теннисші болашақ қарсыласы – франциялық Кентен Алистен жеңілген еді. Сондықтан финал Бублик үшін қарымта қайтаруға тамаша мүмкіндік болмақ.
Ал тағы бір қазақстандық теннисші Александр Шевченко Китцбюэль турниріндегі жарысын алғашқы айналымда аяқтады. Ол германиялық Ян-Леннард Штруффтан 6:3, 6:7 (5:7), 4:6 есебімен жеңілді.
Айта кетейік, Австрияның ашық чемпионаты 2015 жылдан бері Generali Open атауымен өткізіліп келеді. Бұл – тарихы ең терең теннис турнирлерінің бірі. Алғаш рет 1894 жылы ұйымдастырылған жарыс тек ерлер арасында және топырақ төсенішінде өтеді. Турнир қазіргі Китцбюэльге дейін Прагада (Австро-Венгрия кезеңінде), Зальцбургте, Пёртшах-ам-Вёртерзеде және Венада ұйымдастырылған.