Бұл туралы Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Берік Асылов өзінің әлеуметтік парақшасында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – стратегиялық басымдық болып қала беретінін тілге тиек етті.
Айта кету керек, 2025 жылдың алғашқы үш айында елімізде қылмыс деңгейі 5,8 пайызға төмендеді (35 320-дан 33 279 құқық бұзушылыққа дейін). Бұл – жазалауға емес, ең алдымен, алдын алуға бағытталған құқық қорғау органдарының жүйелі профилактикалық жұмысының нәтижесі. Алдын алу тиімді жұмыс істеген жағдайда – қылмыс орын алмайды. Қоғамдық тәртіптің нақты нәтижесі – осы,- дейді Бас прокурор.
Айтарлықтай төмендеу мына бағыттар бойынша байқалды:
• ұрлық – 29,3%-ға азайған,
• бұзақылық – 32,6%-ға кеміген,
• мал ұрлығы – 27,6%-ға төмендеген,
• жеңіл қылмыстар – 11,9%-ға қысқарған,
• аса ауыр қылмыстар – екі есеге азайған.
Оның ойынша, азаматтар бұл нәтижені күнделікті өмірде сезінуі тиіс – аулада тыныштық, көшеде бейбіт жүріс-тұрыс, балалар үшін қауіпсіздік болуы керек.
Дегенмен, кейбір өңірлерде кері үрдіс байқалып отыр:
• Шымкент қаласы – 25,8% өсім,
• Жамбыл облысы – 21%,
• Ұлытау облысы – 13,6%,
• Ақмола, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында – қалыпты өсім.
Сондай-ақ ол бұл өңірлерде ведомствоаралық үйлесімділікті күшейтіп, нақты бағытталған жұмысты жандандыру қажет екенін айтты.
Қылмыспен күресті үйлестіретін орган ретінде прокуратура әрбір ведомствоның нәтижесі үшін нақты жауапкершілік жүктелуін қамтамасыз етеді. Жергілікті прокурорлар мемлекеттік органдар арасындағы іс-қимылдың бытыраңқылығын жойып, олардың өзара әрекеттестігі мен үйлесімділігін қамтамасыз етуге тиіс. Алаяқтық фактілері 3,9%-ға төмендеді, келтірілген жалпы шығын көлемі 41,4 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда екі еседен астам азайған (2024 жылы – 93,7 млрд). Оның ішінде 11,7 млрд теңге өтелген – бұл өткен жыл деңгейімен шамалас. Залалды өтеу бойынша жұмыс жалғасады және күшейтіледі, - дейді ол.
Айтуынша, әрбір қылмыстық іс – жапа шеккен адамның тағдыры. Сондықтан кінәлілерді жазалаумен қатар, әділеттілікті қалпына келтіру де маңызды екенін тілге тиек етті.
2025 жылдың бірінші тоқсанында есірткі айналымына қарсы күресте жүйелі және белсенді жұмыс жүргізілді. Құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдардың бірлескен әрекеттерінің арқасында нақты нәтижелерге қол жеткізілді: есірткі қылмыстары 14%-ға, оның ішінде тарату фактілері 13%-ға артты, сотқа 1,5 мыңнан астам іс жолданды, заңсыз айналымнан 3,3 тоннадан астам есірткі, оның ішінде героин, гашиш, марихуана және синтетикалық заттар тәркіленді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда екі есе көп. Арнайы прокурорлар есірткі дүкендеріне қатысты ауқымды істерді тергеп жатыр. Олар "Ақша ізін қуу" қағидатын жүзеге асыруда елеулі нәтижелерге қол жеткізді. Үш айдың ішінде есірткі саудасынан түскен кірістердің айналымына пайдаланылған 12 мыңнан астам жалған тұлғаларға (дропперлерге) ресімделген банктік шоттар бұғатталды. Жалпы сомасы 2,1 млрд теңге қаражаттың жолы кесілді. Сонымен қатар, 5 млрд теңгеден астам мүлік және 6 млн АҚШ долларына тең криптовалюта тәркіленді, - дейді Бас прокурор.
Оның айтуынша, алдын алу шаралары – жай формалдылық емес. Бұл – қоғамдағы құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған нақты және тиімді іс-шаралар кешені екенін жеткізді.