Жиынға қатысушылар Қоғамдық кеңес қызметін, ведомствоның 2024-2026 жылдарға арналған даму жоспары мен бюджеттік бағдарламаларын іске асыру, сондай-ақ ауылдық аумақтарды дамыту мәселелерін қарады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
ҰЭМ Өңірлік даму департаментінің директоры Нұрлан Мақсұтовтың айтуынша, министрлік өткен жылы өңірлік стандарттар жүйесін жетілдіру бойынша ауқымды жұмыс жүргізді.
Осылайша, елдің ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданып, іске асырылуда. Оның негізгі тәсілдері – базалық қызметтердегі диспропорцияларды қысқарту, ауыл тұрғындарының табыс деңгейін арттыру, шекара маңындағы аумақтарды институционалдық қамтамасыз ету және дамыту болып табылады.
Ауылдық жерлердегі инфрақұрылымдық мәселелерді шешу үшін «Ауыл – ел бесігі» жобасы іске асырылуда. Биылғы жылы 771 ауылдық елді мекенде 1,8 жобаны жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 200 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Оның ішінде 244 жоба тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында іске асырылуда, 383 әлеуметтік нысан және 1 157 жоба кентішілік жолдарға тиесілі, - деді ол.
Ауылдық жерлерде кадрлық әлеуетті арттыру мақсатында «Дипломмен ауылға» жобасы іске асырылуда. Биыл республика бойынша жобаға 18,6 млрд теңге қарастырылған. Бұл 3,6 мыңға жуық маманды тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Ұлттық экономика министрлігі Қоғамдық кеңесінің қызметіне келетін болсақ, басқа жұмысқа ауысуына байланысты Алан Дорджиев Қоғамдық кеңестен шығарылды. Оны ауыстыру туралы мәселе келер жылы өтетін қорытынды жиында қаралады.
Отырыс барысында Қоғамдық кеңес мүшелері «Дипломмен ауылға» жобасын жүзеге асыру, Түркі инвестициялық қорын басқару, ауылдық жобаларды қаржыландыру, ауылдағы жұмыссыздық деңгейіне қатысты т.б. мәселелерді көтерді. ҰЭМ өкілдері бұл мәселелердің барлығы ерекше бақылауда екенін атап өтті.