Өскен бидайдың экспорты алдағы 2 айда жандана түседі, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Алматы қаласында Asia Trans&Oils Conference: Results of 2023 халықаралық конференциясы өтті. Онда Қазақстан мен Орталық Азияның астық және май нарықтарының 2023 жылғы жұмысының қорытындысы шығарылды. Сондай-ақ 2023/24 жаңа маусымының проблемалары, сын-қатерлері мен перспективалары талқыланды.
Конференция қатысушылары астық нарығында өскен бидайдың тым көп болуын және одан шығу жолдарын талдады. «Harvest Kazakhstan» ЖШС директоры Дәулет Увашев айтуынша, осы маусымда Қазақстан экспортқа 6 млн тонна жұмсақ бидай жіберген. Дегенмен өскен бидайдың экспорты алдағы 2 айда айтарлықтай өсе түсетіні айтылды.
Егер қараша айының ортасына дейін ауған тарапы партияларда өскен астықтың 15%-дан аспауын сұраса, қазір өскен бидайды астықтың 40% құрамымен сатып алуға дайын, – деді Дәулет Увашев.
Ол ақпан айында Өзбекстан тарапынан да қазақстандық бидайға сұраныстың күрт өсуі мүмкін екенін айтады. Сондай-ақ оның айтуынша, қытайлық серіктестер де өскен бидайды импорттай алады. Қытай тарапы оны биоотын мен спирт секілді өнімдерді өндіру үшін қолдана алады.
Сапасына байланысты мұндай бидай жарма, құрама жем, тұтас бидай ұны, мамандандырылған өнімдерге арналған ұн, тез дайындалатын өнімдерге арналған ұн, тағамдық қоспалар және сапа талаптары төмен басқа да өнімдерді өндіру үшін қолданылады. Яғни, тіпті сапасыз бидайдан қауіпсіз ғана емес, сонымен қатар пайдалы тамақ пен жем де өндіруге болады, – деп атап өтті Дәулет Увашев.
Жиын барысында 2023/24 жылы Қазақстан сыртқы нарықтарға шамамен 9,4 млн тонна бидай жеткізе алатыны айтылды. Атап айтқанда, сарапшының пікірінше, 6 млн тонна жұмсақ бидай, 0,6 млн тонна дурум бидайы, сондай-ақ 2,8 млн тонна ұн астық баламасында экспортталады. Бұл соңғы 5 маусымдағы рекордтық көрсеткіш болмақ.
Дәулет Увашевтың мәліметінше, Қазақстанда өндірілген бидай өнімі биыл шамамен 12 млн тонна болған.