Алдағы 4 жылда елорда мектептеріне қанша мұғалім қажет болатыны айтылды

15 Маусым 2023, 12:51
686
Бөлісу:
Алдағы 4 жылда елорда мектептеріне қанша мұғалім қажет болатыны айтылды
Фото: Артём Чурсинов - архив

Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев бұл туралы бірінші халықаралық психологтар форумында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгін елордада «Балалар мен жастардың қабілеттерін, дарындылығын диагностикалау мен дамытудағы өзекті мәселелер» тақырыбында І халықаралық психологиялық форум басталды. Форумға Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев қатысты.

Астана қаласы қарқынды дамып жатыр. Қалада жылына 20 мың бала дүниеге келеді. Мектептерге, мұғалімдерге үлкен жүк артылып отыр. Сондай-ақ жыл сайын 27 мың бала 1-сыныпқа барса, 8 500 бала мектепті тәмамдап жатыр. Қазір қалада 237 мың бала болса, алдағы 4 жылда балалардың саны 340-350 мыңға жетеді. Осыны ескере келе қазір мектептер салынып жатыр, - деді ол.

Білім басқармасы басшысы мұғалімдердің де әлеуетін арттыру міндеті назарда екенін атап өтті.

Алдағы 4-5 жыл ішінде қалаға 3 500-4 000 жуық мұғалім қажет болады, - деп айтты Қасымхан Сенғазыев.

Ол форумға қатысушыларға сәттілік тіледі.

Іс-шара екі күн бойы өтеді. Қабілеттер мен дарындылық психологиясы саласының зерттеушілері мен практиктерінің басын біріктіріп, балалар мен жастардың әлеуетін дамытудың өзекті мәселелерін талқылауға арналған.

Форумның екінші күні 16 маусымда жалғасын табады. Форум аясында позитивті психология, білім беру саласындағы мамандарға арналған тестілеуді басқару, шағын мектептердегі балалардың коммуникативтік дағдыларын дамыту және балалардың жеке ерекшеліктеріндегі айырмашылықтар бойынша шеберлік сыныптары өткізіледі.

Іс-шараны «El Umiti» корпоративтік қоры Оқу-ағарту министрлігімен және Дарындыларды қолдаудың еуропалық кеңесімен бірлесе ұйымдастырғанын еске сала кетейік.

Өзгелердің жаңалығы