Алаяқтық өршіп тұр: Депутат киберқылмысқа қарсы күрес шараларын күшейтуді ұсынды

16 Ақпан 2023, 15:06
806
Бөлісу:
Алаяқтық өршіп тұр: Депутат киберқылмысқа қарсы күрес шараларын күшейтуді ұсынды
Фото: BAQ.KZ

Бұл туралы депутат Амангелді Толамисов Сенат отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Айтуынша, интернеттегі алаяқтықтың кеңінен таралуы және мобильді қосымшаларды пайдаланушылардың дербес деректеріне үшінші адамдардың қол жеткізу қаупі көбейеді. 

Белгілі болғандай, соңғы 5 жылда интернеттегі алаяқтық жағдайының саны 10 есеге өсті. Бұған күнделікті өмірде цифрлық желілерді кеңінен қолдану себеп болып отыр. Сондықтан жеке адамдардың тегі, аты және әкесінің аты және олардың жеке сәйкестендіру нөмірлері сияқты мәліметтер пайдакүнемдік мақсатта пайдаланылуы мүмкін.

Атап айтқанда, еліміздегі банктердің мобильді қосымшалары мен сайттары кез келген азаматқа ЖСН және жеке куәлік нөмірі бойынша салықтар мен айыппұлдар туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде азаматтардың дербес деректерін заңсыз пайдалануға әкелуі мүмкін. Азаматтардың құқық қорғау органдарына осындай жағдайлармен жүгінуін мысалға келтіруге болады. Зардап шеккендердің айтуынша, олармен теріс қарым-қатынаста болған адамдар банктердің мобильді қосымшасы арқылы салықтар мен айыппұл қарыздары туралы ақпарат алып, кейін сол ақпаратты тарату арқылы оларды бопсалаған, - деді Амангелді Толамисов Үкімет  басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында. 

Депутаттың ақпараты бойынша, ЖСН болған жағдайда салық берешегінің, банкроттықтың болуы, өндіріп алушының аты-жөні мен ЖСН және сот орындаушысының мобильдік нөмірі туралы мәліметтерді алуға болады. Елімізде дербес деректерді беру үшін заң жүзінде жауапкершілік көзделгеніне қарамастан, заң талаптары тиісті түрде сақталмайды.  

Азаматтардың жеке деректерін пайдалана отырып интернет және телефон арқылы алаяқтық әрекет жасауға қарсы іс-қимыл шараларының тиімділігін арттыру қажет. Атап айтқанда, киберқылмысқа, оның ішінде азаматтардың жеке деректерін пайдаланып істелетін қылмыстарға кешенді талдау жүргізу мен мұндай қылмыстарды бейтараптандыру және алдын алуды ұйымдастыру мен заңнамалық сипаттағы шараларды қабылдау аса маңызды. Сонымен қатар уәкілетті органдармен бірлесіп мекеме аралық ақпараттық топтар құру және халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту орынды деп санаймын. Бұл өз кезегінде азаматтардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыруға мүмкіндік береді, - деді Амангелді Толамисов.

Өзгелердің жаңалығы