Жамбыл облысының прокурорлары мүгедектігі бар тұлғаның алаяқ заңсыз иемденіп алған пәтер құқығын қалпына келтірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жылжымайтын мүлік алаяқтығы көптеген адамдарға, әсіресе азаматтардың осал санаттарына әсер ететін өзекті және күрделі мәселе. Алаяқтар көбінесе құрбандарының мүлкін заңсыз иемдену үшін олардың сенгіштігі мен дәрменсіздігін пайдаланады.
Осылайша, Тараз қаласының прокуратурасы психикалық ауытқушылықпен ауыратын 1-топтағы 62 жастағы мүгедек әйелге тиесілі жылжымайтын мүлікті заңсыз иемдену фактісін анықтады. 2023 жылдың маусым айында алаяқ оның жағдайы мен дәрменсіздігін пайдаланып, Тараз қаласы, «Қаратау» мөлтек ауданында орналасқан екі бөлмелі пәтерді 9 млн теңгеге сатып жіберген, - делінген Жамбыл облысы прокуратурасының хабарламасында.
Прокуратураның талап арызы бойынша қалалық соттың 2024 жылғы 16 қыркүйектегі шешімімен пәтер иесіне қайтарылды.
Сонымен қатар, қала прокуратурасы алаяққа қатысты Қылмыстық кодекстің 190-бабының 3-бөлігімен қылмыстық қудалауды бастап, күдікті қамауға алынды. Оның осыған ұқсас басқа да алаяқтыққа қатысы бар екені анықталды.
Қылмыстық процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге де мәліметтер жария етілмейді.