Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстандықтарды 1 миллиард теңгеге алдаған алаяқ Минскіден экстрадицияланды, деп хабарланды Polisia.kz сайтында.
Қазақстан полициясы Ресей азаматы Ольга Клейнардтың Қазақстанға экстрадициялануына қолжеткізді.
Ол Questra World ірі қаржы пирамидаларының бірін ұйымдастырды деп айыпталуда. Ольга Клейнард біздің еліміздің аумағында алаяқтардың әрекеттеріне жетекшілік етті. Алаяқтық әрекеттерінің салдарынан мыңдаған қазақстандық алданып, келтірілген шығын сомасы 1 млрд теңгеден асты. Ол Беларусь Республикасының аумағында ұсталды. Кешегі күні ол Нұр-Сұлтан қаласына жеткізілді. Қазіргі уақытта күдікті азаматша тергеу изоляторларында, - делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, Questra World компаниялар тобы туралы қылмыстық іс бойынша бұған дейін ҚР ІІМ қызметкерлері сегіз адамды ұстаған болатын.
Алаяқтардың әрекеттері ойдан шығарылған инвестициялық портфель түрлерін сату туралы ақпарат орналастырылған веб-сайттардың көмегімен жұмыс істеген.
Алаяқтар азаматтарға инвестициядан жылдық 300%-ға дейін пайда табуға уәде берген. Questra World қаржы пирамидасының тағы бірнеше елде жұмыс істегені анықталды.