Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысы ПД қалалық және аудандық полиция бөлімшелерінің кезекші бөлімдеріне алаяқтыққа байланысты 10-нан астам хабарлама келіп түсті.
Олардың ішінде: әлеуметтік көмек немесе мемлекеттік субсидия алу сылтауымен азаматтарды алдаудың 6 дерегі, 2 жайт - біреудің атына несие ресімдеу, 1жайт - "ақшаны еселеп көбейту" арқылы кірісті ұлғайту, ал қалғандары - басқа тәсілдермен. Алаяқтардың құрбаны болған жәбірленушілерге келтірілген шығынның жалпы көлемі шамамен 9 миллион теңгені құрады.
Мысалы, Түркістан ҚПБ кезекші бөліміне жәбірленуші арызданып, банктердің бірінде белгісіз біреулер оның атына ірі сомаға несие рәсімдегенін көрсеткен. Жедел-іздестіру шаралары барысында полицейлер күдіктіні, банктің бұрынғы қызметкерін ұстады.
Белгілі болғандай күдікті жас жігіт, алдау жолымен 2 миллион теңгеден астам қаражатты иемденіп алған. Сондай-ақ, алаяқтың тағы бір қала тұрғынының атынан 3 миллион теңгеден астам несие алғаны анықталды.
Қазіргі уақытта аталған жайттар бойынша ҚР ҚК 190-бабымен «Алаяқтық» сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ер адам қамауда. Тергеу күдіктінің тағы бірнеше алаяқтық деректеріне қатысы болуы мүмкін екенін алға тартады.
Жетісай АПБ-не жергілікті тұрғын арызданып, алаяқ өзінен жарты миллионнан астам теңгені алдау жолымен алып кеткенін хабарлаған. Жәбірленушінің айтуынша, бейтаныс әйел оған кәсіпкерлікті дамытуға мемлекеттік субсидия алуға көмектесуге уәде берген. Сенгіш ауыл тұрғыны алаяққа 560 мың теңге берген, бірақ уәде орындалмаған. Жедел іс-шара барысында барысында тәртіп сақшылары күдіктіні, Мақтаарал ауданының тұрғынын анықтап, аудандық бөлімге жеткізді.
Қазіргі уақытта алаяқтық жайты бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктінің басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда.
Түркістан облысының полицейлері азаматтарды бейтаныс адамдармен сөйлескен кезде қырағы және сақ болуға шақырады. Күмәнді қоңыраулар түскен жағдайда, банктің "жедел желісіне" қайта қоңырау шалыңыз. Әлеуметтік желілерде сөйлескен кезде де сақ болыңыз. Егер, сіз, алаяқтықтың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияға хабарласыңыз.