Сағынтаев Алатау ауданында шешілуі тиіс мәселелерді атады

21 Шілде 2019, 16:16
1998
Бөлісу:
Сағынтаев Алатау ауданында шешілуі тиіс мәселелерді атады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Алатау ауданына қарасты үш ықшамаудандағы проблемалық мәселелерді тізбектеді. Бұл туралы қала басшысы өзінің Instagram-дағы парақшасында хабарлады.

"Алатау ауданына қарасты Рахат, Алғабас, Теректі ықшамаудандары. 

1) Тұрғындарды ашық жатқан электр желілері мазалауда. А. Мұсабаевқа бұны 1 қазанға дейін шешіп, жарық үшін белгіленетін тарифтің ашықтығын арттыруды тапсырдым. Жеке энергокомпаниялармен жұмыс дұрыс жолға қойылу керек. 

2) Орталық сумен жабдықтау және кәріз жүйесі мәселелері де өткір. Қалаға қосылған аудандар үшін маңызы бар бұл мәселелер кезең-кезеңімен әрі кешенді түрде шешіледі. Жалпы көрініс түсінікті. 

3) Полиция департаментінің бастығы С. Күдебаевқа пәтер ұрлығымен күресті күшейтіп, аталған ықшамаудандардағы криминогендік жағдайды ерекше бақылауға алуды тапсырдым. 

4) Алатау ауданының әкімдігі тұрғындармен жиі кездесіп, жедел жәрдем көлігінің қызметін ретке келтіру, үйлерді заңдастыру, қоқыс шығару, кеміргіштер және қаңғыбас иттермен күрес және т.б. мәселелерді шұғыл шешуге міндеттеледі. 

5) Жолдар сын көтермейді. Әзірге жолды грейдермен тегістеп, жол материалдарын төсейміз. Өйткені жерді екі рет қазбау үшін әуелі орталықтандырылған сумен жабдықтау және кәріз жүйесі мәселесін ретке келтіру керек. 

6) Рахат ықшамауданындағы мектеп мәселесін шешу. 

7) Көшені жарықтандыру", - деп нақтылап жазды Бақытжан Сағынтаев әлеуметтік желідегі парақшасында

Айта кетейік, Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев аккаунтарына қала тұрғындары қалдырған проблемалық орындарға барды.

Өзгелердің жаңалығы