Петропавлда «Ғасырлар тоғысындағы Солтүстік Қазақстан: тарих және қазіргі заман» атты республикалық ғылыми-теориялық конференция өтті. Алашорда өкілдері алғаш рет құрылтай өткізген Аққұсақ болысы, қазіргі Жамбыл ауданы Петровка ауылында тарихи оқиға бейнеленген қойылым сахналанды, деп хабарлайды BAQ.KZ-тің Солтүстік Қазақстандағы тілшісі.
Жиынға «Қаһармандар» республикалық қоғамдық қорының президенті Сабыр Қасымов, мемлекет және қоғамқайраткері, академик, тарих ғылымдарының докторы, профессор Өмірзақ Озғанбаев, филология ғылымдарының докторы Серік Негімов және басқа да белгілі ғалымдар, тарихшылар, зерттеушілер, сондай-ақ, Астана, Алматы, Қостанай қалаларының жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері қатысты.
«Тәуелсіздік жарияланған күн кез келген халық үшін үлкен мереке. Бұл көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар үшін үлкен арман. Егемендікті көре алмай кеткендер бар. 1991 жылы 17 баптан тұратын декларация жарияланды. Оны 13жыл бойы тойладық. Бұрынғы билік 16-18 желтоқсан күндері болған оқиғаны ұмыттыруды мақсат етті ме, аталған датаны Тәуелсіздік күні деп жариялады. Ол той тойлайтын сәт емес, қыршын кеткен боздақтарды еске алатын күн», - дейді тарихшы ғалым Аманжол Күзембайұлы.
Жиында «Алаш» қозғалысының солтүстік өңірдегі қызметі, СҚО топонимика мен ономастика мәселелері, саясиқуғын-сүргін, Солтүстік Қазақстан тарихын жан-жақты зерттеу, тағы басқа мәселелер қарастырылды.
«Солтүстік Қазақстан тарихы – бағытты тарих. Адам баласы пайда болғаннан бері ең алғашқы өркениет, ең алғашқы мәдениет осыдан 6 мың жыл бұрын Иман-Бұрлық өзенінің жағасында пайда болғанын білесіздер. Жылқыны қолға үйрету – Ботай қонысынан басталған. Ежелгі қоныстан табылған жәдігерлер сол заманда бабаларымыздың данышпан болғанын дәлелдеп отыр. Олар құстың сүйегіне дейін пайдаланған. Адамның басына тесу арқылы операция жасағанын да көреміз. Сондықтар әлім тарихында Қызылжар өңірінің алар орны орасан», - деді филилогия ғылымы докторы Серік Негимов.
Солтүстік Қазақстан облысының біз мақтанып, еске аларлықтай, өскелең ұрпаққа тәрбиелік маңызы зор оқиғалар жеткілікті.
Солардың бірі – өңірдегі Алаш кезеңі. Жерлестеріміз Мағжан Жұмабайдың, Смағұл Сәдуақасұлының, Жұмағали Тілеулиннің және тағы да басқа Алаш қайраткерлерінің ел тәуелсіздігі үшін күресі, мол рухани мұрасы және сол қызметі үшін қуғын-сүргінге ұшырағанын архив деректерінен, жергілікті ғалымдар мен өлкетанушылардың зерттеулерінен біле бастадық. Әлі де әділ бағасын алмаған жерлестеріміз де аз емес. Оларды ақтау, болашақ ұрпаққа жеткізу – біздің парызымыз. 2020 жылы барша Қазақстан үшін Мемлекет басшысы Қасым –Жомарт Тоқаевтың «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлығының жариялануымен ерекшеленді, - деді жиында сөз алған СҚО әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек.
Республикалық семинар Жамбыл ауданы Петровка ауылында, Аққұсақ елдімекенінде жалғасын тапты. 1918 жылы Аққұсақ болысында болған тарихи оқиға туралы театрландырылған қойылым және көкпардан спорттық жарыс ұйымдастырылды. Шараны облыс отратылығында өткен «Туған жерім - Қызылжар» атты концерт түйіндеді.