Алаш қозғалысының тарихына қатысты архив материалдарының жинағы жарық көрді

Бүгiн, 02:25
129
Бөлісу:
Алаш қозғалысының тарихына қатысты архив материалдарының жинағы жарық көрді
Фото: скрин

Алаш қозғалысының тарихына қатысты архив материалдарының жинағы жарық көрді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы Мемлекетті кеңесші Ерлан Қарин Facebook парақшасында жазды.

Бұл – «Алашорда ісі. 1920-1940 жылдар. Құжаттар мен материалдар» деп аталатын 12 томдық архив құжаттары.
Жаңа басылым – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмысы барысында жиналған бірегей архив құжаттарынан тұратын жинақ. Бұл жинақты дайындауға 30-дан астам тарихшы, архивші және археограф атсалысты. Олардың қатарында ҚР Президенті архивінің, Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің қызметкерлері бар, - деп жазылған жазбада.

Ерлан Қариннің мәліметінше, жобаның ғылым жетекшісі – ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелдиев.

Басылымға партиялық-мемлекеттік құрылымдарда және арнаулы мемлекеттік архивтерде арнайы сақталған 3 мыңнан астам материал енді. Оның ішінде Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Халел Досмұхамедов және басқа да қайраткерлер өмірінің бұрын беймәлім тұстарынан сыр шертетін құжаттар бар.

2 мың данамен жарық көрген жинақ еліміздің оқу орындары мен ғылыми мекемелеріне таратылады. Осылайша, Қазақстан тарихын одан әрі зерделеу және елдің тарихи жадын сақтап, нығайту тұрғысынан өте маңызды және аса құнды бірегей материалдар алғаш рет ғылыми айналымға енгізілді, - деп жазды Ерлан Қарин.

Айта кетсек, 2020-2023 жылдары жұмыс істеген мемлекеттік комиссияның қызметіне 425 ғалым, оның ішінде аймақтардан келген 260 зерттеуші жұмылдырылды. Үш жылдың ішінде 60 мемлекеттік және ведомстволық архивтен 700 мыңға жуық іс жиналды, 2.6 миллионға жуық материал мен құжаттың құпиялығы алынып тасталды, саяси-қуғын сүргіннің құрбаны болған 311 мыңнан астам адам ақталды.

Өзгелердің жаңалығы