Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Кезінде Алаш қайраткерлері көтерген тіл, жер, мектеп мәселесі әлі де маңызын жоғалтқан жоқ. Азаттық жолында көтерген мәселелері де тәуелсіз мемлекетіміз үшін маңызды болып отыр.
Бұл туралы Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының ғылыми жұмыстар жөніндегі директордың орынбасары Сайын Борбасов Алаш қайраткерлері жөнінде шыққан монографиялық жинақтың таныстырылымында айтты.
Профессор жинаққа енген деректер жайында баяндама жасап, Алаш арыстарының ішінде Ахмет Байтұрсынұлының алар орнына тоқталды.
«Бұл кісі арғы аталарынан бастап қазақтың бостандығын аңсаған. Торғай уезінде 19 ғасырдың 80 жылдарында оның әкесі уездік басшыны сабап, 12 жылға жер аударылып кеткен. Осыдан Ахаң әкесіз қалады. Ағасы асырап, оны мектепте, училищеде оқытады. Содан бастап бұл кісі үлкен азамат болып, 1912-1913 жылдары «Қазақ» газетін шығарады. Бұл басылымда 20 ғасырдың басындағы қазақ қоғамы, өзекжарды мәселелері, қазаққа тағдырлы міндеттердің барлығы көтерілді», - дейді ол.
Сонымен қатар, ол Қазан төңкерісі болған кезде Ахмет Байтұрсынұлы оны шын мәнінде азаттық келген сияқты, большевиктік партияның саясаты дұрыс сияқты қабылдағанын айтады.
«Бұл заңды нәрсе болды ғой. Өйткені коммунизм кең тарап, оның елесі Еуропаны кезіп кетті. Қазақ зиялылары да коммунизм идеясын дұрыс қабылдап, «Ленин және орталықтану партиясы», «Қуанышты күн» деген мақалалар жазып, қазақты социализмге, еңбекші бұқараны көтеруге шақырады. Бұл Байтұрсыновтың өсу кезеңі. Шын мәнінде большевиктер билікке келгеннен кейін оның саясаты қазақ халқына бостандық әпермейтіндігін Ахмет Байтұрсынов та, Бөкейханов та өте жылдам түсініп, ұлттық позицияға көшеді», - дейді профессор.
Сөз арасында ол Алаш арыстарының Қазан төңкерісінен кейін большевиктермен байланысты үзбегенін, Ленинге, Сталинге бірнеше мәрте жолығып, қазақтың жерінің қандай екенін көрсетіп, территориясын бәрін белгілеткенін жеткізді.
«Қазіргі кең байтақ жерде отырғанымыз осы алашордалықтардың арқасы. 1919 жылы Ахмет Ленинге жазған хатында «Сіздің жіберген адамдарыңыз Қазақстанды білмейді, не экономикасын, не халқын білмейді. Осындай адамдарды сіз халық комиссарияты төрағасы ретінде бізге қалай жібересіздер. Қазақстанның жағдайын білетін адамдарды тағайындаңыз» дейді. Мына кітапта осы айтқандарымның барлығы ерекше жазылған, онда жер мәселесі, білім мәселесі, қазақтың тағдыр шешті мәселелерінің барлығы әрбір мақалада көрсетілген. Әлихан Бөкейханов бірінші тағдыр шешті мәселені жер деп айтқан. Мәселен, «Әліпби біздің төл тіліміз, тілді сақтау, жерді сақтаумен бірдей» дейді. Олар осының барлығын Ленинге, Сталинге жеткізіп, қазақтың автономиялы болуы үшін күресті. Әрине, большевиктік партия орталыққа бағынатын тоталитарлық жүйені жасап, Алаш қайраткерлеріне ешқандай мүмкіндік берген жоқ», - дейді Борбасов.
Сондай-ақ, ол Алаш арыстары көтерген тіл, жер, мектеп мәселесі әлі күнге дейін маңызын жоғалтпағанын айтты.
«Алаш қайраткерлері күн тәртібіне қойған тағдыршешті мәселе саяси жүйені жетілдіру, қазақтың өз экономикасына ие болуы, Қазақстанның экономикалық және саяси тәуелсіздігі, тіл тәуелсіздігі, территориялық тәуелсіздік мәселелерінің барлығы біздің тәуелсіз мемлекетіміз үшін маңызды. Осы алаш қайраткерлері айтқан идеялардың барлығын жүзеге асырсақ Қазақстан шын мәнінде өркениетті дамыған мемлекеттердің қатарына қосылатынына дау жоқ», - дейді ол.
Еске салсақ, бұған дейін Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтында «Қазақ мемлекеттілігі және Алаш» ұжымдық монографиясы және «Қазақстан мемлекеттілігі тарихындағы Алаш: идеялар, тағдырлар, мұра» атты архивтік құжаттар мен материалдар жинағының тұсаукесер рәсімі өткенін хабарлаған едік.