Алаңға барып, басы дауға қалған Ермахан Ибраимов мәлімдеме жасады

12 Қаңтар 2021, 17:50
1902
Бөлісу:
Алаңға барып, басы дауға қалған Ермахан Ибраимов мәлімдеме жасады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бокстан 2000 жылғы Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ибраимов 10 қаңтарда Алматыдағы Тәуелсіздік алаңында болған жайтқа қатысты мәлімдеме жасады.

Бұған дейін ақпарат құралдарында боксшының сайлау күні наразылыққа шыққандардың плакатын жыртып тастады деп жазылған болатын.

Осы уақытқа дейін мен халқыммен бірге болдым және әлі де бірге болатынымды айтқым келеді. Митинг кезінде наразылық білдірген халыққа күш көрсету мақсатында емес, сабырға шақыру үшін барған болатынмын. Бірақ, қарсы топтардың белсенділері маған кері пікір білдіріп, менің жеке намысыма тиетін сөздер айтып жатқасын, жақындап барып, бәрін түсіндірмекші болдым. Сол тұста қарсы топтардың арандатушылары мені кадрға алып, түрлі бағытта ақпараттар таратып жіберген болатын, - деп жазды Ермахан Ибраимов Instagram желісіндегі парақшасында.

Ол әлеуметтік желілерде суреті мен видеосы тарап кетіп, кері пікірлер айтылып жатқанын, оның бәрін сыни тұрғыда қабылдайтынын жеткізген.

Алайда мен осы сайлауға қатысуымның себебі де қарапайым халық үшін екенін тағы да айтқым келеді. Себебі төбеме көтеріп, құрметтеген халыққа қарсы шығу менің ойымда да болмаған! Сондықтан қадірлі қазақ елі, митинг кезінде болған жағдайды қысқаша осылай түсіндіргім келеді. Барлығы алда. Ел мүддесі үшін алда әлі де игілікті істерді атқаратын боламын, - дейді боксшы.

Өзгелердің жаңалығы