Абай-175: Ақынның тойы аламан бәйгемен аяқталады

31 Қаңтар 2020, 14:20
2457
Бөлісу:
Абай-175: Ақынның тойы аламан бәйгемен аяқталады
PHOTO

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Шығыстың бас шаһарында өңір басшысы Даниал Ахметовтің төрағалығымен Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойын атап өтуге байланысты құрылған облыстық штабтың алғашқы отырысы өтті.

Отырысқа еліміздің ғылым және өнер саласының белгілі қайраткерлері шақырылды.

Жалпы, биыл ақынның мерейтойы аясында Шығыс Қазақстанда 500-ден астам шара өткізу көзделген. Оның 21-і республикалық деңгейде атап өтілсе, 24 шара халықаралық деңгейде ұйымдастырылып, Ұлыбритания, Ресей, Түркия, Польша, Қытай елдерінде өтетін түрлі шаралармен жалғаспақ. 

TSH_3128.JPG


 

Мерейтой шараларының жоғары деңгейде атап өтілуіне өңірдегі жоғары оқу орындары, ғылыми және мәдени қоғамдастық, еліміздің Жазушылар және Суретшілер одақтарының, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен жастар бір адамдай атсалыспақ. Барлық іс-шаралар жас ұрпақтың бойында рухани және адамгершілік қасиеттерді қалыптастыруға, келең ұрпақтың санасына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, ағартушылық бастамаларды қолдауға бағытталмақ.

 

Қазіргі уақытта облыстық жоспарды орындауда нақты атқарылып жатқан істер де бар. Атап айтсақ, қаңтар айының 10-нан бастап аймақтағы орта білім беретін мектептердегі 5-8 сыныптарға, сондай-ақ колледждердің "Қазақ тілі мен
әдебиеті оқытушысы" мамандығында білім алып жатқан бірінші курс студенттеріне "Абайтану" элективті курсы енгізілді. Облыстағы барлық толық жиынтықты 277 мектеп пен екі педагогикалық колледжде "Абайтану" кабинеттері ашылды. Семей қаласындағы 56 мектепте "Абай еліне саяхат" кубтары ұйымдастырылды. "Абай әлемі" әдеби жобасын одан әрі іске асыру жалғасын тауып, отандық ақын-жазушылардың 21 мың дана тиражбен қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде шығатын 20 кітабының тізімі бекітілді, - деді облыстық Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Раушан Нұрмұханова.
 

Жерлес ақынның мерейтойына бағытталған дайындық жұмыстарын ұйымдастыру мақсатында бес штабтың құрамы бекітіліп, жоспарлары жасалды. Сонымен қатар, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, концерттік бағдарламаларды дайындау барысында басты назар отандық әртістердің, облыстағы мәдениет саласының майталмандары мен шығармашылық ұжымдарды тартуға аударылмақ.

Мерейтойдың тағы бір ерекшелігі өңірдегі жоғары оқу орындарының қатысуымен еріктілерді жұмылдыру мәселесінің қарастырылуы. Бүгінгі таңда мерекелік шараларға қатысатын 500 еріктінің тізімі жасақталу үстінде. Қырықтан астам кәсіби гидтің тізімі бекітіліп, бұдан бөлек бұл іске жастар арасынан арнайы дайындықтан өткен тағы 50 гид
пен кәсіби аудармашы жұмылдырылмақ. Абай ауданының Қарауыл ауылындағы киіз үйлерден тұрғызылған қалашықта әр аудан, қаланың "Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктер", "Этнография және фольклор", "Абайдың шығармашылығы және өмірі" атты киіз үйлері құрылмақ. Жер бусанған мезгілде киіз үйлі қалашықтың аумағына 2 мыңға жуық жас ағаш көшеттері отырғызылып, абаттандырылады. 

TSH_3123.JPG


 

Сонымен қатар, тамыз айында мұнда Абайдың 175 жылдығына орай ұйымдастырылатын барлық спорттық жарыстар қорытындыланатын болады. Семей-Қарауыл арасындағы 180 шақырымдық арақашықтықта Аламан бәйге ұйымдастырылып, жолдағы елді мекендердің барлығы мерейтой шараларына жұмылдырылады. Тамыз айының 16 күні Қарауылға келіп атбасын тірейтін Аламан бәйге ақынның мерейтойын аяқтайтын ең ірі шара болмақ. Бұдан бөлек, ақынның туған жерінде ерлер мен қыздар арасында волейболдан, баскетболдан, шағын футболдан турнирлер ұйымдастырылып, жартылай марафон өткізіледі.

Облыс әкімі Бақытжан Байахметовтың ақпаратына сәйкес, Абай ауданы мен Семей қаласында жалпы саны 88 нысанға жөндеу және абаттандыру жұмыстары жүргізілетін көрінеді. Оның ішінде Қарауыл ауылында 300 орындық мектептің құрылысын жүргізу, аудан аумағындағы облыстық маңыздағы жолды, Қарауыл ауылындағы көшелерді жөндеу, "Жидебай" мемориалдық кешенінде Абай музейін салу, Абайдың туған жеріндегі Сырт Қасқабұлақ бастауының маңын абаттандыру қарастырылған.

Мерейтой барысында адамдарды ары-бері тасымалдауға жергілікті тасымалдаушылар арқылы қосымша көлік құралдары бөлініп, "Семей-Қарауыл", "Жидебай-Қарауыл-Этноауыл" бағыттары бойынша бірнеше қосымша автобус бағыттары ашылады.

TSH_2998.JPG


 

Өңір басшысы Даниал Ахметов құрамына елімізге белгілі мәдениет қайраткерлері енген шығармашылық топқа тамыздың 14-16 аралығында Семей қаласы мен Абай ауданының Қарауыл ауылында өтетін негізгі шаралардың тұжырымдамасын дайындауды тапсырды. Белгілі болғандай мерейтойға дайындық жасайтын шығармашылық топты
Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің директоры, бұрынғы мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы басқарса, шаралардың спорттық бөлігіне жауап беретін жұмыс тобына белгілі қазақстандық боксшы, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев жетекшілік етпек.

 

Тұжырымдамалық жағынан барлығы шешілуі қажет. Бұл мерейтойдың маңыздылығы оның Тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен және ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бақылауымен өткізілуінде. Біз белгілі ақынның әрі жерлесіміздің мерейтойын өткізіп отырғанымызға мақтануымыз керек. Абайдың 175 жылдығының Қазақстан дамуының 30 жылдығы мен сәйкес келуі де ерекше нышан. Сол себепті біз бұл мерейтойды өткізу арқылы өзіміздің рухани, идеологиялық және мәдени саладағы отыз жылдағы жеткен жетістіктерімізді паш ететін боламыз, - деп қосты Даниал Ахметов.
 


 

 

Өзгелердің жаңалығы