Алакөл ауданында мәдениет үйі мен кітапхана ашылды

12 Қыркүйек 2022, 21:30
2748
Бөлісу:
Алакөл ауданында мәдениет үйі мен кітапхана ашылды

Жуырда Алакөл ауданының рухани өмірінде елеулі жаңалық болды. Тамыз айының соңында Ақтүбек ауылында жалпы құны 657 млн. теңге тұратын жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мұнда 150 орынды мәжіліс залымен қатар, 16 мыңнан астам кітап қоры бар, оқырман залы жасақталған кітапхана ашылды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жалпы алаңы 2 мың шаршы метр болатын екі қабатты ғимарат «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен салынған. Бірінші қабатында 150 орынды көрермен залы, қызметкерлер кабинеттері, асхана, медпункт, киім шешетін орын қарастырылған. Екінші қабатта би залы, оқырман залы бар кітапхана, үйірмелер жұмысына және шаруашылық қажеттіліктеріне арналған бөлмелер орналасқан. Ғимараттың қатты отынмен жылытатын жеке қазандығы бар. Нысанның маңайы абаттандырылып, 30 жас шырша, қарағай мен емес отырғызылған. Құрылыс жұмыстарын «Алакөл-Асыл-Құрылыс» ЖШС мердігер мекемесі жүргізді. 

Ауылдықтарды қуаныштарымен аудан әкімі Алмас Абдинов құттықтады. 

Жалпы Ақтүбек ауылындағы тұрғындардың тең жартысы – жастар, яғни олардың саны 520 адам. Сондықтан жаңа нысан жастардың бос уақытын тиімді өткізуге, олардың қоғамның рухани-мәдени өміріне белсене қатысуына мүмкіндік береді. 

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

 

Өзгелердің жаңалығы