Алакөлде атқарылатын жұмыстар талқыға салынды

15 Шілде 2019, 22:59
2439
Бөлісу:
Алакөлде атқарылатын жұмыстар талқыға салынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Соңғы үш жылда Алакөл жағалауын дамытуға 50 миллиард теңге қаржы жұмсалған. Алдағы үш-төрт жылда тағы 30 миллиард теңге инвестиция құйылмақ. Бұл туралы altaynews.kz сайты хабарлады.

Бұл мәліметтер демалыс аумағының келешегі талқыға салынған жиында айтылды. Кәсіпкерлер мен мемлекеттік орган өкілдері қатысқан келелі басқосуды Үржар ауданына іссапармен барған аймақ басшысы Даниал Ахметов өткізді.

Облыс әкімі алдымен жағалаудағы Арбатты аралап, санитарлық-тазалық және қауіпсіздік талаптарының орындалу барысына мән берді. Әсересе, өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталуын қатаң талап етіп, тиісті сала басшыларына тапсырмалар берді.

Алакөлдің жағалауын ауқымды әрі жоспарлы түрде абаттандыру жұмыстары үш жыл бұрын басталған-ды. Осы кезең ішінде жағадауғы демалыс үйлерінің, өзге де қызмет көрсету орындарының саны біршама артып, жұртшылық үшін қолайлы бола түсті.

Бүгінгі таңда көлдің жағалауында 333 кәсіпкерлік нысаны жұмыс істеп тұр, оның ішінде 175 демалыс базасы, 29 дүкен, 2 қонақ үй, 2 мейрамхана, 10 дәмхана, 8 асхана, 1 аспаздық, 4 буфет, 2 дәріхана, 56 дүңгіршек және 1 аквапарк бар. Алдағы уақытта Алакөлде бірқатар ірі жобалар қолға алынбақ. Оларды іске асыру үшін қомақты қаржы қажет. Қаражат мемлекет тарапынан бөлінгенмен, жергілікті кәсіпкерлер де ортақ іске үлес қосулары тиіс. Ең алдымен, олар өздерінің салықтық міндеттемелерін заңға сай орындаулары керек.

Жиында сөз алған мемлекеттік кіріс департаменті басшысының орынбасары Ержан Кітәнов шілде айнынан бастап-ақ салық төлеуден жалтарып жүрген 38 кәсіпкердің анықталғанын жеткізді. Сондай-ақ, бұрын есепте болмаған 11 демалыс үйі тіркеуге алыныпты.

«Былтыр аудандық қазынаға жағалаудағы кәсіпкерлерден 67 миллион теңгенің салығы түскен болатын. Осы жылы жиналатын салық мөлшері 100 миллион теңгеге жетуі тиіс деп болжап отырмыз», - деген Ержан Кітәнов бұл ретте бірқатар түйткілді мәселелердің барын алға тартты.

Атап айтсақ, кейбір демалыс үйлерінің қожайындары өз табыстарын жасырып, салықты аз төлеуге тырысуда. Сол себепті салық органдары барлық кәсіпкерлік нысандарына онлайн режимде жұмыс істейтін кассалық бақылау аппараттарын орнатуды ұсынып отыр. Аталмыш аппараттар арқылы күллі мәлімет тікелей бақылаушы органдарға жолданады.

Үш жылдың ішінде Алакөл жағалауы адам танымастай өзгерді. Абаттандыру жұмыстары әлі де жалғаспақ. Осы іске жауапты арнайы жұмыс тобы да жасақталған. Үржар ауданының әкімі Серік Зайнулдиннің айтуынша, алдағы уақытта жағада жалпы құны 30 миллиард теңгенің жобаларын жүзеге асыру көзделіп отыр.

Оның ішіндегі ең басты жоба – жағаны толқындардан қорғау. Яғни, жағалаудан 100-150 метр жерге толқын тосқылар орнатылады. Шамамен, жағаның екі шақырымы бекітілмек. Бұл әдіс бұған дейін Каспий теңізіндегі Ақтау портында қолданылыпты.

Мұнымен қоса, демалыс аумағына қосымша жаңадан ауыз су және кәріз құбырлары төселеді, сондай-ақ ақаба суларды тазалушы имарат та салынады. Қазір аталған жобалардың құжаттары әзірленуде.

Жағадағы үйлердің көбеюі электр қуатына деген қажеттілікті де арттырып отыр. Осыған орай Мақаншыдан Көктал ауылына дейін 110 киловаттық электр желісі тартылмақ.

Шипалы көлге келіп, демалушылардын санын арттырудың бір жолы – көлік қатынасы мәселесін шешу. Бұл ретте Үржардағы әуежайдың ұшу-қону алаңнын 80 орындық ұшақтарды қабылдай алатындай етіп жаңарту көзделуде. Атап айтқанда, аэропорттың ұшақ қонатын жолағының ұзындығы 2 шақырымға, ені 45 метрге кеңейтіліп, сағатына 70 жолаушы өткізе алатын жаңа терминал салынады және әуежайдың әкімшілік ғимараты да жөнделеді.

«Соңғы екі жылдың өзінде біз Алакөлдің демалыс аумағын дамытуға қаруар қаржы құйдық. Алдағы төрт жылда бұдан да көп қаражат салынады. Мақсатымсыз – демалушыларға барынша жайлы жағдай жасау, келетін туристердің санын көбейту. Шипалы көл жағасында тек еліміздің ғана емес, сондай-ақ шет мемлекеттрден келген азаматтар да дем алулары тиіс», - деген облыс әкімі Даниал Ахметов алдағы жоба-жоспарлармен бөлісті.

Алдағы уақытта жағалауда жыл он екі ай қызмет ететін емдеу-сауықтыру кешені салынатын болады. Ол үшін көлден шипалы родон суын жеткізетін арнайы құбыр төселеді.

«Бүгінде Семей мен Өскеменнен Жалаңашкөл стансасына пойыз қатынауда. Жалаңашкөлден демалыс аумағына дейінгі автожолды жөндеп болдық. Сонымен қатар, жағалауға төрт жұлдызды қонақ үй салуды жоспарлап отырмыз. Осы жұмыстар Алакөлдің туристік әлеуеттін арттыруы тиіс. Түптеп келгенде мұның бәрі өңірдің экономикасына серпін берері сөзсіз», - деді Даниал Ахметов.

Демалыс аумағының дамуына кедергі болып отырған ең басты мәселе – облыс орталығынан Алакөлге дейінгі автокөлік жолының жайсыздығы. Әсіресе, Өскеменнен Аягөздің аралығындағы жол жолаушыларды біраз әбігерге салады. аймақ басшысы, жағалаудағы демалушылармен кездескен кезде бұл трассаның алдағы екі жылда жөнделіп бітетінін жеткізді.

Сонымен бірге, көл іргесіндегі Қабанбай (Жарбұлақ) ауылынан жағалауға дейін үш шақырымдық веложол салынады.

«Жағалауға келушілер санын ұлғайту мақсатында мемлекет тарапынан жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Сонымен қатар, біз осындағы кәсіпкерлерге де жан-жақты қолдау көрсетіп келеміз. Осы ретте айтпағым, шағын және орта бизнес өкілдері өз тарапынан заңға сәйкес салық төлеулері тиіс. Мұнымен қатар жағалауда барша қауіпсіздік ережелері мен санитарлық талаптар бұлжытпай орындалуы қажет. Қайғылы оқиғаларға жол беруге болмайды. Осы салаға жауапты тиісті органдар жұмысты ширатсын», - деп ескертті аймақ басшысы.

Облыс әкімі жергілікті атқарушы билік органдарына салық жинау, тазалық пен қауіпсіздік ережелерін сақтау жөнінде бірқатар міндеттер жүктеді. Бір айдан соң тағы келіп, олардың орындалуын тексеретінін ескертті.

Жиында аудан әкімдігі «Алакөл-Тазалық» коммуналдық кәсіпорнын техникалық тұрғыда жабдықтауға 88 миллион теңге көлемінде қаражат бөлуді сұрады. Облыс басшысы аталмыш мәселе оң шешілетінін жеткізді.

Өзгелердің жаңалығы