Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Алматы қаласында Халықаралық Түркі академиясы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының Ғылыми және техникалық ынтымақтастық жөніндегі тұрақты комитетінің (COMSTECH) бірлесіп ұйымдастыруымен «Әл-Фараби - Иқбал» халықаралық форумы өтті.
Пленарлық отырыс алдында жиынға қатысушылар пәкістандық қылқалам шеберлері форумға арнайы дайындаған "Ислам каллиграфиясы" атты көрмені тамашалады.
Форумның салтанатты ашылуына Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, ИЫҰ Ғылым және технологиялар жөніндегі тұрақты комитетінің (COMSCTECH) Бас үйлестірушісі Иқбал Чаудхари, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы-ректоры Жансейіт Tүймебаев, ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары Қуаныш Ерғалиев, ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев, Пәкістан Сенатының адам құқықтары жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Уалид Иқбал, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесінің (АӨСШК) Хатшылығының атқарушы директорының орынбасары Чи Фанг, Қазақстан Республикасының Пәкістан Ислам Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ержан Қыстафин, Пәкістан Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Саджад Ахмед Сихар, Түркия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Уфук Екиджи қатысып, сөз сөйледі.
Офлайн және онлайн форматта өткен алқалы жиынға Түркі елдері мен ИЫҰ-ға мүше елдердің гуманитарлық сала ғалымдары, шығармашылық зиялы қауым өкілдері, дипломатиялық және депутаттық корпусының қызметкерлері, сарапшылары қатысты.
Форум аясында Түркі академиясының әзербайжан тілінде әзірлеген Мұхаммед Икбалдың «Islam Dusuncesinin Rekonstruksiyasi» (Исламдық ойды қайта құру) кітабының, сонымен қатар 2020 жылы Исламабадта өткен Әл-Фараби жаһандық форумы материалдарының ағылшын, қазақ, орыс тілдерінде жарық көрген жинағының, әл-Фарабидің «Музыка туралы үлкен трактат» атты еңбегінің түрік тілінде жарық көрген нұсқасының (El-Farabi Kitabu’l Musika’l-Kebir) және урду тіліндегі «Икбал энциклопедиясы» атты еңбектің тұсаукесері өтті.
Сонымен қатар алқалы жиында Академия басшысы Д. Қыдырәлі COMSCTECH) Бас үйлестірушісі Иқбал Чаудхариді Түркі әлемнің ынтымақтыстығын арттырудағы үлесі үшін Түркі академиясының Алтын медалімен марапаттады.
Форумның пленарлық отырысы Икбал философиясы: өткені, бүгіні, болашағы, Икбал философиясы мен поэзиясының жаһандық әсері, ХХІ ғасыр сын-қатерлері және технология тақырыбы бойынша сессиялармен жалғасты.
Секциялық отырысқа Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Пәкістан, Ұлыбритания, Ресей, Тәжікстан және ИЫҰ-ға мүше елдердің танымал ғалымдары мен сарапшылары қатысып, зерттеу тақырыптары бойынша баяндамалар жасады.
Айта кету керек, 2020 жылы Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының Тұрақты комитетінің (COMSTECH) ұйытқы болуымен, Пәкістан астанасы Исламабадта әл-Фарабиге арналған ауқымды іс-шара ұйымдастырған болатын.
«Әл-Фараби - Икбал» форумы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркі мемлекеттері ұйымының VIII самиттіндегі ғылым мен технологияны нығайту жөніндегі тапсырмасы сәйкес ұйымдастырылып отыр.
Бұл ретте Форум Фараби мен Икбалдың жаһандық ғылымға қосқан үлесі мен қос ғұламаның рухани сабақтастығын жаңа деңгейге көтеретін алғашқы ауқымды шара.