Ақылбек Күрішбаев: Баяғы жартас – сол жартас

24 Шілде 2021, 11:41
2107
Бөлісу:
Ақылбек Күрішбаев: Баяғы жартас – сол жартас

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Ақылбек Күрішбаев әлеуметтік желіде депутаттық сауалдарға жауап нәтижесі туралы жазды.

Парламенттің өткен сессиясында мен Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының (ӘКК) сауда орталықтары арқылы азық-түлік тауарларының бағасын реттеу жұмысының тиімсіздігін айтып, бірнеше рет депутаттық сауал жібергем.

Жуырда  бұл жұмыста не өзгергенін білмек болып, Нұр-Сұлтан қаласының ӘКК-ның жұмысымен таныстым. Іс жүзінде көңіл көншітетін өзгерістер жоқ. «Баяғы жартас – сол жартас» деуге болады.

Жолданған сауалдар өз шешімін таппаған. Мәселен,

«1) сауда орталықтарын іріктеу қағидаты түсініксіз, себебі бірнеше  сауда орталықтарының ішінен тек кейбір таңдаулылары ғана іріктеледі;
2) азық-түлік тауарларына бағаның айтарлықтай құбылмалылығы кезінде тек маусымдар бойынша ғана емес, жылдар бойынша да олардың ең төменгі шегін алдын ала болжау қиын;

3) егер азық-түліктің жекелеген түрлерінің тұрақтандыру қорындағы көлемі қала тұрғындарының ең төменгі тұтыну нормасының 0,01-7 пайызын ғана құраса, нарықты реттеу туралы не айтуға болады?

4) мұндай схема кезінде сауда орталықтары тек отандық ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерден сатып алуды жүргізуге міндетті емес, басқаша айтқанда, қазақстандық фермерлер өз өнімдерін сата алмайды, ал бюджет қаражаты шетелдік фермерлерді қаржыландыруға жұмсалуы мүмкін;

5) тұрақтандырудың мұндай тетігі «бағаны реттеуге барынша пәрменді, бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігін арттырады» деген сенімімізді ақтамайды, онда сыбайлас жемқорлықтың көріністері бар деген едік.

Тіпті, мен айтқан осындай мәселелердің үстіне қосылған жаңа сұрақтар бар.

Мысалы, 2011 жылы Үкімет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерінің 30 түрінің бағасын реттеп отыратын, ал қазір тек 19 (!) түрін бақылауға қауқарлы. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы сауда орталықтарындағы бағаларға аптасына бір рет қана мониторинг жүргізеді екен. Сонда басқа  күндері азық-түлік бағасын кім бақылайды? Сауда орталықтарында әлеуметтік маңызы бар (яғни, арзандатылған) тауарлар жеке сөрелерге орналастырылмайды. Неліктен?

Қысқасын айтсам, менде жауаптан гөрі сұрақтар көбейді....

Ал биылғы құрғақшылықтан кейін және бағаларды Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының осындай деңгейдегі реттеуімен күзде, қыста және көктемде қарапайым халықтың жағдайы не болмақ?

 



Өзгелердің жаңалығы