Ақтөбелік полицейлер қараусыз жүрген малды дрон арқылы анықтауда

9 Желтоқсан 2020, 10:37
1731
Бөлісу:
Ақтөбелік полицейлер қараусыз жүрген малды дрон арқылы анықтауда

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2020 жылдың 4-10 желтоқсаны аралығында ақтөбелік полиция қызметкерлері Қобда ауданы аумағында «Мал ұрлығы» жедел алдын-алу іс-шарасын өткізіп жатыр.

Аталған іс-шара барысында, аудан орталығы мен ауылдық округтерде ауыл тұрғындары мен шаруа қожалық иелеріне тиесілі қараусыз жүрген төрт түлік малдарын бақылауда ұстап, кезекпен бағып және кешкі уақытта жайылымнан уақытылы күтіп алып, қораларға қамау қажеттілігі туралы түсіндірілді.

Қобда аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жергілікті атқарушы органдардың көмегімен арнайы ұшқышсыз ұшу аппараты арқылы қараусыз жүрген малдарды анықтады. 

Сонымен қатар, «Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзу туралы» Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 408-бабына сәйкес, жауапкершілікке тартылып, әкімшілік айыппұл салынатын болады. Жыл басынан бері ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабы бойынша 167 әкімшілік хаттама толтырылған.

Арнайы ұшқышсыз ұшу аппаратының көмегімен жоғалып кеткен малдарды іздестіру полиция қызметкерлерінің жұмысын жеңілдете түскен. Мысалы, Ресеймен шекаралас Қобда ауданының аумақтарында жылқылардың шекарадан өтіп кету деректері орын алуда, алайда арнайы ұшқышсыз ұшу аппараттарының көмегімен жайылып жүрген жылқылар анықталып, иелеріне қайтарылды. Учаскелік полиция инспекторлары алдағы уақытта да ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы іздестіру жұмыстарын жүргізетін болады.

Ақтөбе облысының полицейлері тұрғындарға ұжымдық мал жаюды ұйымдастыру, сондай-ақ әр малды белгілеу және таңбалау арқылы шаруашылықтардағы малдың сақталуын қамтамасыз етуді ұсынады.

Өзгелердің жаңалығы