Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбелік оқушылар «ақылды терезе» ойлап тапқан. Жас өнертапқыштар өз жұмыстарына патент рәсімдеп те үлгеріпті, деп жазды inbusiness.kz
Бұл құрылғы терезеге орнатылып, 90 см жерден дыбыс естілсе, құлыпталып қалады екен. Оны ашу үшін арнайы құпия сан сұралады. Кішкентай балалар терезенің жақтауына өрмелейтіндіктен, оларды сол жерлерге қондыруға кеңес беріледі.
Біздің ойлап тапқан қондырғымыз сәбиі бар үйлер үшін қажет. Оны, сондай-ақ, мектеп-балабақшаларға орнатуға болады, – дейді жоба авторының бірі, қаладағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Айкен Алтай.
Оқушылар ойға алған жобаларын бір ай ішінде жүзеге асырыпты. Оларға физика, информатика пәндерінің мұғалімдері көмектескен.