Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбелік мемлекеттік қызметшілердің арасында алғашқы болып, аталған жобаны қолдануға шешім қабылдағандардың бірі – жас маман Азамат Әкімбай.
Бұл туралы Ақтөбе облысы ҚР мемлекеттік қызмет істері бойынша департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Әйтеке би ауданының Комсомол ауылдық округі әкімі аппаратында бас маман лауазымында қызмет атқарып жатқан Азамат Әкімбайдың айтуынша, бұл жоба жас мамандардың кәсіби өсуіне үлкен мүмкіндік.
Жақында отбасылы болған жас маман ауылға келіп, бағдарлама аясында көтерме жәрдемақы және бюджеттік несие алу арқылы тұрғын үйге қол жеткізген.
Естеріңізге салсақ, биыл ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен Мемлекет басшысы мемлекеттік қызметшілердің «Дипломмен ауылға» жобасына қатысуға мүмкіндік беретін заңнамаға өзгерістер енгізді.
Бұл дегеніміз ауылдық жерлерде денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, орман шаруашылығы саласында қызмет етуге ниеттенген азаматтар қатарына мемлекеттік қызметшілердің де енгендігін білдіреді.