Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбеде «Қайырымдылық ісіңнен көрінеді» қайырымдылық шарасы өтті, деп хабарлады Ақтөбе облысының әкімдігі.
Шығармашылық орталық пен «Максимус» ЖШС біріге ұйымдастырған шараға ҚР-ның Еңбек сіңірген қайраткері, әнші Нұрлан Абдуллин қайырымдылық концертімен қатысты. Қайырымдылық шарасында кәсіпкер Амангелді Мәйтеков көп балалы, толық емес отбасы, және мүгедек бала асырап отырған 5 отбасыға 1 және 2 бөлмелі пәтер кілтін табыстады. Сондай-ақ, шілде айынан басталатын «Бақытты отбасы» жобасына алғашқы қатысушы 20 азаматқа 500 мың теңгенің сертификатын сыйлады. Бұл отбасылар алған қаражатын пәтердің алғашқы жарнасына жұмсайтын болады. Игі шараға облыс әкімі Оңдасын Оразалин қатысып, баспаналы болған азаматтарды құттықтады. Қайырымдылық жасаған кәсіпкер азаматқа алғысын білдірді.
«Облыс бойынша 30 мың адам баспана кезегінде тұрса, олардың ішінде 23 500-і Ақтөбе қаласында. Бұл мәселе бірден шешілмейді, бірақ тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Біз ең алдымен аса мұқтаж жандарды баспанамен қамтамасыз ету үшін барлық мүмкіндікті жасаймыз. Осы жылдың өзінде облыста 1 млн шаршы метрден аса тұрғын үй салынады, бұл дегеніңіз 8 мыңнан аса пәтер. Олардың жартысы мемлекеттің қолдауының арқасында аз қамтылған отбасыларға тиімді шарттармен берілетін болады. Демеушілердің берген қаржысына 2-3 азаматқа пәтер алуға да болады. Алайда, сол қаржыны 20-30 адамға алғашқы жарна ретінде берген тиімді болып отыр. Өйткені, олар жалдамалы пәтерге төлейтін қаражатты енді өз меншігінде қалатын баспанасы үшін төлейді. Өткір мәселе осылай жүйелі түрде шешіліп келеді», - деді облыс басшысы.
Қайырымдылық шара концертпен жалғасты. Концерт билетінен түскен қаражат түгелдей түрлі әлеуметтік топтағы азаматтарға беріледі.