Ақтөбеде тағы бір Алтын адам таныстырылды

17 Наурыз 2021, 22:22
3036
Бөлісу:
Ақтөбеде тағы бір Алтын адам таныстырылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану мұражайында «Алтын адам» ғылыми реконструкциясы таныстырылды. Бірегей археологиялық жәдігер 2019 жылы Темір ауданындағы бірінші Тасқопа қорымының элиталық қорғанынан табылған. 

Шараға облыс әкімі Оңдасын Оразалин, Ә.Марғұлан атындағы археологиялық институт директоры Бауыржан Байтанаев, танымал археологтар, тарихшылар, зиялы қауым мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының аясында облыс әкімдігі Ақтөбе облысы бойынша 2019-2021 жылдарға арналған «Қазақстанның киелі жерлері» жобасын жүзеге асыру жоспарын бекітті.

Ә.Марғұлан атындағы археологиялық институт қызметкерлері өңір аумағында ауқымды археологиялық және этнографиялық зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

2019 жылы Темір ауданындағы бірінші Тасқопа қорымының элиталық қорғанынан б.з.д. V ғасырдың «Алтын адам» бірегей археологиялық жәдігері табылды. Табылған археологиялық материалдарды консервациялау және ғылыми тұрғыда реставрациялау жұмыстары аяқталды: жәдігерлер бірінші рет тазартылып, консервацияланды, сондай-ақ, жерленген көсем толықтай қалпына келтіріліп, садақ пен оның қабы, жебе, екі белдеу, қамшы және тағы басқаларының көшірмесі алынды. Сармат көсемінің киімдері қайтадан тігілді. Барлық бұйымдардың көшірмелері алтын жалатылған күмістен жасалған. Кейін облыстық мұражайды облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен «Рухани жаңғыру – ұлттың ұлы мұраты» дөңгелек үстелі өтті.

Біздің өңірде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырудың тиімді шаралары қабылданып жатыр. Бүгін біз рухани сананы жаңғырту бойынша ауқымды жұмыстардың нәтижелерін көрдік. Осының бәрі тек біздер үшін ғана емес, келер ұрпақ үшін де маңызды. Біздің жергілікті ғалымдар да ортақ іске өз үлестерін қосты,- деген өңір басшысы Бауыржан Байтенов пен Ә.Марғұлан атындағы археологиялық институт ұжымына алғысын білдірді.

Облыстың зиялы қауым өкілдері өңірдегі «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асырылуы мен 2021 жылға арналған жобаларды талқылады.

Облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет, ​ Ә.Марғұлан атындағы археологиялық институтының директоры Бауыржан Байтанаев, Қ.Жұбанов атындағы АӨУ ректорының міндетін атқарушы Рахым Бекназаров бағдарламаның нәтижелеріне тоқталды.

Атап айтқанда, өңірде Үстірт аймағындағы Доңызтау тарихи-мәдени ескерткіштерін, Мұғалжар ауданындағы «Төлеубұлақ» үңгірінің петроглифтері мен оның тарихи-мәдени аймағын, Хромтау ауданындағы Ойсылқара және Монғолсай қорымдарының кешендерін, Доңызтау аумағындағы «Жезді» бекінісінің орнын кешенді зерттеу жұмыстары жүргізілді.

Биылға 165 шара жоспарланған. ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы шеңберінде «Тәуелсіздікке тағзым», «Ақтөбе-алтын бесігім!» акциялары өтіп, «30 жыл – 30 нақты іс», «30 игі іс», «30 жетістік», «30 жаңа тұлға» жобалары жүзеге асырылмақ. Ә.Бөкейхановтың 155 жылдығына орай «Азаттықтың ақ таңы» тарихи кешенін ашу, ​ «Жаңғырған Көкжар жәрмеңкесі» жобасы аясында «Тары» фестивалі жоспарланып отыр.

«Қазақстанның киелі жерлері» жобасын жалғастыру мақсатында өңірде 2021-2024 жылдарға арналған ғылыми-зерттеу жұмыстарының жол картасы бекітіліп, Едіге батырдың жерленген жерін анықтау үшін кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстары, күмбез эпиграфиктерін, араб графикасының тарихи ескерткіштерін зерттеу жобалары, Үстірт аймағындағы Доңызтауда жүргізіліп жатқан тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштерін кешенді зерттеу жұмыстарын аяқтау және ғылыми зерттеулердің нәтижесі бойынша үш тілде көлемді еңбек жазу жоспарланды.

Сондай-ақ, ғұн кезеңіндегі ескерткіштерді, орта ғасырдағы және Ақтөбе өлкесінің ежелгі тұрғындарының ескерткіштері: тас және палеометал дәуірлерін ​ кешенді археологиялық зерттеу жалғасатын болады.

Өзгелердің жаңалығы