Ақтөбе облысында вакцина егу жұмыстарына дайындық басталды

25 Қаңтар 2021, 08:36
1503
Бөлісу:
Ақтөбе облысында вакцина егу жұмыстарына дайындық басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбе облысында халықты коронавирус инфекциясына қарсы егу жұмысын бастау үшін 150 мың вакцина дозасы жеткізіледі, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Осыған орай республикалық бюджеттен тиісті қаржы бөлініп, екпе жасайтын медицина ұйымдарында дайындық жүруде.

Қауіпті індетке қарсы вакцина облысқа кезең-кезеңмен жеткізілмек. Алты мың доза болатын алғашқы партиясы алдағы бірер аптада әкелінеді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің айтуынша, екпе тегін және ерікті түрде салынады. Алдымен дәрігерлер, мұғалімдер, полиция қызметкерлері және созылмалы ауруға шалдыққан жандар қамтылады. 

Қазіргі кезде вакцинамен жұмыс істейтін медициналық қызметкерлер, дәрігерлер, арнайы онлайн курстардан өтіп жатыр. Мұнда вакцина ерекшелігі айтылады және де қалай салу керек, қандай қосымша шаралар өткізу керек және де әсері қандай. Соның бәрі қазір оқуда өтіп жатыр. Бастапқы кезде біз Ресейдің «Спутник V» деген вакцинасын, әрі қарай барлық зерттеу фазаларынан өткеннен кейін өзіміздің де отандық вакцинаны қолданамыз деп жоспарлап отырмыз, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров.
Ақпан айында басталатын бұл жұмыс облыс орталығындағы 12, аудандардағы 13 ауруханада жүргізіледі. Қазір мекемелерде әзірлік басталған. Екпе салатын дәрігерлер арнайы курстан өткізіліп, вакцинаны бірінші кезекте алуы тиіс жандар анықталып жатыр. Бұл ретте адам денсаулығының көрсеткіші есепке алынбақ. 
Вакцинация салатын өзінің кабинеті болады арнайы. Екпе арқылы адамдардың иммунитетін күшейтіп, аурудың алдын аламыз. Ең алдымен егде жастағы адамдарға, 65 жастан жоғары адамдарға және созылмалы аурулары бар, есепте тұратын адамдарға салдырамыз. Дәрігерлердің айтуынша, қауіпті індетке қарсы вакцина ереже бойынша екі рет салынады. Яғни, алғаш рет салынған соң 21 күннен кейін тағы алуы қажет. Нәтижесінде ол вирусқа мүлде шалдықпауы немесе аурушаңдық кезеңнен жеңіл өтуі мүмкін. Екпені 18 жастан асқан кез келген тұрғынның алуына да мүмкіндік бар, – дейді терапевт Әйгерім Ұзақова.

Әзірге өңірдің эпидемиологиялық жағдайы тұрақты. Дегенмен, мамандар «ахуалдың кенеттен өзгеруі ықтимал» дейді. Әрі келер айда қауіпті індетке шалдығушылар саны өсуі мүмкін деген болжам бар. Сондықтан да тұрғындарға бетперде тағып, өзге де қажетті қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды ескертеді.


Өзгелердің жаңалығы