Ақтөбе облысында оқушыларға вакцина салу жоспарланып отыр

2 Қыркүйек 2021, 08:35
7452
Бөлісу:
Ақтөбе облысында оқушыларға вакцина салу жоспарланып отыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы 24.kz хабарлады.

Ақтөбе облысында мұғалімдердің барлығы вакцина алды. Ал мектептерде санитарлық талап күшейтілді. Күнделікті зарарсыздандыру үшін қосымша құралдар алынды. Биыл 18 мыңға жуық бүлдіршін мектеп табалдырығын аттады. Жалпы өңірде 167 мың оқушы бар.  

Кіреберісте дене қызуын өлшеу тәртібін айтпағанда, әрбір класқа кварцты электр шамдары да орнатылған. Үзіліс кезінде зиянды микробтарды жойып отыру керек. Білім беру үрдісі дәстүрлі жүйеге көшкендіктен балалардың қауіпсіздігі маңызды. Мектеп қызметкерлері мен мұғалімдер  екпе салдырған. Ал денсаулығына байланысты қарсы көрсетілім барлар арнайы анықтама алған. Вакцинадан мүлде бас тартқандардан ПТР анықтамасы талап етіледі. Сырттан келгендер «Ашық» қосымшасының тексеруінен кейін ғана кіре алады. 
Оқушылар бірнеше бағыттан енгізіледі және «бір класс-бір кабинет» жүйесінде оқиды. Өзара алмасу болмайды және оқушылар бетперде киеді және термометрия күнделікті түрде және жиі мектепті желдетіп тазарту жұмыстарын жүргізіп отырамыз, – дейді облыстық білім басқармасы басшысы Жолдас Батырхан.
Облыстағы 418 мектептің 25-інде орын тапшы. Сондықтан бұл білім беру мекемелерінде кейбір пән онлайн өтетін болады. Бұдан бөлек коронавирус жұқтырған 380 ақтөбелік оқушы әзірге мектепке бармайды. Олардың 24-і ауруханада жатыр. 

Дәрігерлердің айтуынша, жұқпалы вирустың жаңа штамы пайда болғалы балалар да жиі ауратын  болған. Сондықтан 12 мен 18 жас аралығындағы жеткіншектерге де екпе салу жоспарланып отыр. 

Былтырға қарағанда балалардың арасында аурудың көптеп тіркелуі және олардың орташа және ауыр халде өтуі болып отыр. Осындай дәлелдер болып отырғандықтан біздер балаларды қорғау үшін екпемен қамтуды жоспарлап отырмыз. Вакцина салар алдында әрбір ата-анамен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, сол ата-аналардың келісімімен, ата-аналардың қатысуымен жасалатын болады, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Күштаева.
Қазан айына жоспарланған бұл науқан кезінде американдық компанияның дәрі-дәрмегін қолдану көзделіп отыр. Ал қылмыстық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында барлық мектепте бейнебақылау камералары орнатылып, арнаулы күзет мекемелері мамандары жұмылдырылған. 
Өзгелердің жаңалығы