Ақтөбе облысында «Киік» жедел-алдын алу шарасы өтуде

12 Желтоқсан 2020, 10:34
1954
Бөлісу:
Ақтөбе облысында «Киік» жедел-алдын алу шарасы өтуде

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбе облысы, Мәртөк АПБ полиция қызметкерлері «Киік» жедел алдын алу іс-шарасын өткізу барысында Байтұрасай ауылдық округінің аумағында заңсыз аң аулау фактісін анықтады, деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі. 

Анықталғандай, 33 жастағы күдікті Байтұрасай ауылының тұрғыны өзінің «ТОЗ-34» мылтығымен жабайы қабанды атып өлтірген. 

Қазіргі уақытта ҚР ҚК 339-бабы «Сирек кездесетін және Құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған өсімдіктер мен жануарлар түрлерін, олардың бөліктері мен дериваттарын заңсыз пайдалану» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Жедел алдын алу іс-шарасының мақсаты – табиғат қорғау заңнамасы саласындағы құқық бұзушылықтардың жолын кесу және анықтау. Қазақстанда экологиялық заңнаманы бұзғаны және браконьерлік үшін жаза қатаңдатылғаны белгілі. Браконьерлік үшін максималды жаза мерзімі бес жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. 

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев браконьерлерге қатысты жазаны 2019 жылдың шілдесінде қатаңдатуды тапсырған болатын. Бұл браконьерлер атып өлтірген «Охотзоопром» инспекторы Қаныш Нұртазиновтың өлімінен кейін орын алды.

Өзгелердің жаңалығы