Ақтауда түзету мекемесінде мерт болғандар саны үш адамға жетті

20 Шілде 2021, 19:25
2827
Бөлісу:
Ақтауда түзету мекемесінде мерт болғандар саны үш адамға жетті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты ГМ-172/6 түзету мекемесіндегі оқыс оқиға салдарынан көз жұмғандардың саны үш адамға жетті. Тағы сегіз сотталған зардап шекті.

Бұл туралы Лада хабарлады.

Тиісті медициналық көмек көрсетілу үшін зардап шеккендерді ауруханаға жеткізді. Мұқият тексеруден өткен төрт сотталған түзету мекемесіне қайта жеткізілді. Себебі ауруханаға жатудың қажеттілігі жоқ. Ал қалған төрт адамның жағдайын дәрігерлер жіті бақылап жатыр. Олардың біреуі ауыр жағдайда болса, үшеуі ауырлығы орташа дәрежедегі жарақат алған. Зардап шеккен сотталғандарға видеобайланыс арқылы жақындарымен сөйлесуге мүмкіндік берілген. Бүгін ішкі істер министрінің орынбасары Арыстанғали Заппаров пен ҚАЖ комитетінің төрағасы Жанат Ешмағамбетов ауруханада жатқан сотталғандардың жағдайын біліп қайтты, - деп хабарлады ҚР ІІМ ҚАЖ комитеті Лада редакциясына.

ҚАЖ комитетінің өкілдері қайтыс болған сотталғандардың жақындары мен туыстарына көңіл айтты. Хабарламаға сәйкес, қайтыс болған сотталғандардың отбасына және зардап шеккендерге тиісті көмек көрсетілетін болады.

Маңғыстау облысы полиция департаменті ҚР ҚК 278-бабы, 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Сонымен қатар аталған түзету мекемесі аумағындағы барлық ғимараттың техникалық жарамдылығын тексеретін арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Бұл оқиға ІІМ басшылығының ерекше бақылауына алынды, - деп хабарлады комитеттегілер.
Айта кетейік, 19 шілдеде Маңғыстау облысындағы түрмелердің бірінде жатақхана ғимаратының құлағаны белгілі болды.
Өзгелердің жаңалығы