Ақтау экологиясы – қоғам өкілдерінің назарында

24 Мамыр 2021, 09:02
11015
Бөлісу:
Ақтау экологиясы – қоғам өкілдерінің назарында

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Ecojer» қазақстандық қауымдастығының Маңғыстау облысы бойынша аймақтық экологиялық кеңесінің мүшелері Ақтау қаласы әкімдігінің өкілдерімен кездесіп, абаттандыру, санитарлық тазарту және көлемді қалдықтарды шығару мәселелерін талқылады.

Басқосуда тапаптар өз аргументтерін келтірді. Әсіресе құрылыс қалдықтарын үйлердің айналасына үйіп тастап кету деректері көбейген. Өз пәтерінде жөндеу жұмыстарын жүргізетіндер өздігінен құрылыс қалдықтарын полигонға апаруы міндетті, алайда дені талап пен тәртіпке бағынғысы жоқ. Сол себепті бұл процесске қоғам өкілдерінің араласуы маңызды болып тұр. Яғги белсенді топтар уәкілетті органдармен бірлесе отырып, осы салаға бақылауды күшейтсе, тұрмыстық қатты қалдықтарды кез-келген жерге тастап кететін азаматтарды анықтап, оларды жауапқа тарту мәселесін қолға алса мұндай келеңсіз жайттардың орын алуы әлде қайда азаяр еді.

Маңғыстау облысы - өзінің климаттық жағдайы мен географиялық орналасуы өзге аймақтармен салыстыруға келмейді. Судың табиғи көзі жоқ, ал тұтынып отырған Каспий суы тұшытылып берілуде. Климаты күрт континенталды, жаз өте ыстық, құрғақ, жаңбыр көп жаумайды. Жасыл желектердің толыққанды өсуін қамтамасыз ету үшін жүйелі суару мен ерекше күтімді қажет етеді.

Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Серік Гусман шаһардағы экологиялық ахуалға алаңдаушылық танытқан бір топ белсенділердің сұрақтарына жауап берді. Оның айтуынша, 2015 жылға дейін облыс орталығын абаттандыру және санитарлық тазарту мәселесімен «Көктем» МКК және «Гала жолдары» ЖШС сияқты кәсіпорындар айналысқан. Ол кезде қаланың көгалдандыру және санитарлық жағдайы тиісті деңгейде болды, жасыл желектер саны жылдан-жылға көбейіп отырған. Алайда 2015 жылдан бастап жоғарыда аталған қызмет түрлері бәсекелестік ортаға берілді және бұдан былай ҚР «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңымен реттелетін болды. Көгалдандыру мен санитарлық тазарту бойынша мемлекеттік сатып алу конкурстары жыл сайын өткізіліп тұрады және басымдық мүгедектердің қоғамдық бірлестіктеріне беріледі. Нәтижесінде, соңғы 5 жыл ішінде жүйелік сипатқа ие проблемалар туындаған.

Соның бірі мердігерлерде конкурстық процедуралардан өту үшін «өлі жандар» бар екенін, нәтижесінде суарумен іс жүзінде айтылғаннан аз адам айналысатындығын, бұл сайып келгенде жалпы нәтижеге әсер ететіндігін атап өтті. Мәселен өткен жылы тендерді ұтып алған кәсіпкерлер өз міндеттемелерін тиісті деңгейде орындамаған, қазіргі уақытта бұл мәселе құқық қорғау органдарында қаралуда.  

"Эко Мангистау" ҮЕҰ директоры Кирилл Осиннің айтуынша, соңғы алты жылда суару мен жасыл желектерді күтіп-ұстауға жыл сайын орта есеппен 1 ​​млрд теңге бөлінеді. Алайда, халық оның оң нәтижесін көріп отырған жоқ. 

Сондай-ақ, жыл сайын демеушілер есебінен қаланың айналасына көшеттер отырғызылады, бірақ тендер жарияланған кезде техникалық сипаттамада ағаштың өткен жылғы көлемі көрсетілгендіктен, жеңімпаз атанған жеткізушілер ағаштарды сметада көрсетілген санына қарап суарады. Осылайша демеушілер есебінен отырғызылған ағаштар көрсетілген сметаға кіріп үлгермейді, нәтижесінде егілген көшеттер кеуіп кетіп жатыр. Жалпылама алғанда Ақтаудағы ауаның ластануымен, топырақ эрозиясымен және әртүрлі жағымсыз климаттық өзгерістермен күресетін өсімдіктерді отырғызу қажет.

Ақтау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің экологиялық үйлестірушісі Бақытгүл Жақсылықованың айтуынша, Маңғыстау өңіріне еліміздің және Иран Ислам Республикасының оңтүстік аймақтарынан көшеттер әкелінеді, олар біздің топырақта тамыр жаймайды және климаттық жағдайымызға бейімделмеген.

Ал тендерді жеңіп алған кәсіпкерлер пайда табу мақсатында осы импортталған көшеттерді сатып алады. Маңғышлақ тәжірибелік-ботаникалық бағының көшеттері жергілікті жағдайға бейімделген және олардың тіршілік ету деңгейі 100 пайызды құрайды.

Жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, біздің ойымызша, тендерлік құжаттаманың техникалық сипаттамасында жергілікті жағдайларға бейімделген көшет алудың шартын белгілеуі керек. Әйтпесе, бұл тек бюджет ақшасын желге шашқанмен бірдей. Бүгінге дейін КСК күштерімен жасыл желектерді суару қала бойынша 1100 үйдің 500-інде жүргізілуде. Бұл көптеген КСК суару міндеттемелерін қабылдауға асықпайтындығын көрсетіп отыр.

Сондай-ақ, дөңгелек үстел отырысында санитарлық тазарту және көлемді қалдықтарды шығарудың проблемалық мәселелері де сөз болды. Үстіміздегі жылы ірі көлемді қалдықтарды шығару үшін 81 млн теңге техникалық сипаттамаға сәйкес, мердігер қаланың шағынаудандарында орналасқан контейнерлерге сыймайтын тұрмыстық техниканы, жиһазды және басқа да тұрмыстық қалдықтарды қоқыс полигонына апаруы керек болатын. Алайда, бәсекелестік ортаға берілгеніне қарамастан жұмыстар сапалы орындалмаған.

Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Серік Гусман, жекеменшік компаниялар кейбір тұрғын үйлердің аулаларында қайта өңделетін және қайта пайдаланылатын пластикалық қалдықтарға арналған тор қабылдағыштарының орнатылғанын тілге тиек етті. Жақын арада қалдықтарды бөлек жинауға арналған бөлімдері бар қоқыс контейнерлерін сатып алу жоспарда бар.

Дөңгелек үстелге қатысушылар Ақтау қаласы әкімінің орынбасары келтірген ақпараттарды назарға алып, абаттандыру мен қала аумағын санитарлық жағдайын қоғамдық бақылауға алатынын ескертті.

Отырысқа Zoom платформасы арқылы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин байланысқа шығып, экологиялық мәселелерді жүйелі түрде шешу бойынша бірқатар ұсыныстар берді. Үкіметке суару, санитарлық тазарту және қатты тұрмыстық қалдықтар мәселелерін бәсекелістік ортадан қайта мемлекетке қайтару туралы бастаманы қолдайтынын білдірді. Себебі бұрынғыша бөлінген бюджет қаражатын және оның тиімді жұмсалуын жергілікті атқарушы орган өз бақылауында ұстаса ғана тәртіп болады деген пікірде. Қазіргі уақытта тендерді ұтып алған кәсіпкер мұндай жұмыстарды өз қалауы бойынша жасайды, ал мұның соңы үлкен проблемаға айналуда.

Дөңгелек үстелге қатысушылар отырысты қорытындылай келе, өздерінің атынан Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Маминге және Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмовқа хат жолдау туралы шешім қабылдады. Себебі еліміздің теңіз астанасы атанып кеткен шөлейтті аймақта ауыз су тапшылығы бұрыннан да өзекті екенін ескерсек, бұл проблема бұдан да күрделене түсуі мүмкін.

Өзгелердің жаңалығы