АҚШ-та балаларды коронавирусқа қарсы егу басталады

2 Қараша 2021, 11:49
984
Бөлісу:
АҚШ-та балаларды коронавирусқа қарсы егу басталады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Осы аптада коронавирусқа қарсы 5 пен 11 жас аралығындағы балаларды егу шарасы басталады, деп жазды «Хабар 24». 

Ол үшін Pfizer BioNTech компаниясының екпесі таңдалды. Препаратты өткен жұма күні елдің Азық-түлік және дәрі-дәрмекті санитарлық қадағалау басқармасы қолдануға рұқсат берді. Ақ үйдің мәлімдеуінше, жуық арада екпе орталықтарына миллиондаған доза жеткізіледі. 

Үкімет осы жастағы 28 миллион балаға жеткілікті дәрежеде доза сатып алған. Мамандардың айтуынша, екпенің ковидке қарсы қорғанышы - 90 пайыз. 

АҚШ-та осы уақытқа дейін 18 жасқа дейінгі 6 миллион баладан коронавирус анықталғанын білеміз. Олардың 2 миллионы 5 пен 11 жас аралығындағы бүлдіршіндер. Бұл балаларды жедел вакциналау қажет екенін көрсетіп отыр. Мен өзім екі баланың әкесімін. Бұл – ата-аналар үшін қиын таңдау. Бірақ балаларымызды жұқпалы дерттен қорғаудың ең тиімді жолы осы, - деді дәрігер Мэтью Харрис.

Айта кетейік, бұған дейін «Модерна» компаниясы да коронавирусқа қарсы 6 мен 11 жас аралығындағы балаларға арналған екпе жасап шығарғанын мәлімдеген еді. Бірақ бірлестік өткен жексенбі күні АҚШ-тың реттеуші органына оны қолдануға өтініш беруді кейінге қалдыратынын мәлімдеді.


Өзгелердің жаңалығы