АҚШ, Өзбекстан, Ауғанстан және Пәкістан төртжақты дипломатиялық платформа құрады

16 Шілде 2021, 11:14
2378
Бөлісу:
АҚШ, Өзбекстан, Ауғанстан және Пәкістан төртжақты дипломатиялық платформа құрады

Ташкент, BAQ.KZ тілшісі. Ташкентте АҚШ, Өзбекстан, Ауғанстан және Пәкістан өкілдері жаңа төртжақты консультациялар алаңын құру туралы шешім қабылдады.

«Орталық және Оңтүстік Азия: аймақтық өзара байланыс. Сын-қатерлер мен мүмкіндіктер» халықаралық конференциясының өзектілігі мен маңыздылығын атап өте отырып, тараптар аймақтық байланыс Ауғанстан мен өңірдегі ұзақ мерзімді бейбітшілік пен тұрақтылықты орнату үшін маңызды деп санайды.

Сондай-ақ бейбітшілік пен өңірлік байланыстар бір-бірін өзара күшейтетін факторлар болып табылатынына келісті.

Өзбекстанның СІМ баспасөз қызметі 2021 жылы 15 шілдеде Ауғанстандағы бейбітшілік процесін және жанжалдан кейінгі реттеуді қолдау үшін АҚШ-Өзбекстан-Ауғанстан-Пәкістан төртжақты форматы туралы мәлімдемесін жариялады.

АҚШ, Өзбекстан, Ауғанстан және Пәкістан өкілдері өңірлік өзара байланысты кеңейтуге бағытталған жаңа төртжақты дипломатиялық платформа құруға келісті. Тараптар Ауғанстандағы ұзақ мерзімді бейбітшілік пен тұрақтылық өңірлік өзара байланыс үшін шешуші мәнге ие деп санайды және бейбітшілік пен өңірлік байланыстар бір-бірін өзара күшейтеді деген ортақ пікір білдіреді, - делінген хабарламада.

Сондай-ақ тиімді халықаралық сауда маршруттарын одан әрі дамытудың тарихи мүмкіндігін мойындай отырып, тараптар сауданы кеңейту, транзиттік маршруттар құру және іскерлік байланыстарды нығайту үшін ынтымақтасуға үміттенеді.

Аталған елдер өзара консенсуспен осы ынтымақтастықтың шарттарын анықтау үшін алдағы айларда кездесуге келісті.

Естеріңізге сала кетейік, Ташкентте «Орталық және Оңтүстік Азия: аймақтық өзара байланыс. Сын-қатерлер мен мүмкіндіктер» конференциясы өтіп жатыр, сондай-ақ кеше Ташкентте Орталық Азия елдерінің Сыртқы істер министрлері мен сарапшылардың қатысуымен Орталық Азия халықаралық институтының (IICA) ашылу рәсімі өткен болатын.

Өзгелердің жаңалығы