Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның төрағалығымен Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті.
Қашықтықтан форматында өткен отырысқа орталық мемлекеттік, жергілікті атқарушы және өкілді органдардың, үкіметтік емес және басқа да ұйымдардың өкілдері қатысты.
Отырыста ақпаратқа қол жеткізу саласындағы заңнаманың новеллалары таныстырылып, түсіндірілді.
Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылғы 30 желтоқсанда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойды, ол «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңына бірқатар түзетулерді қамтиды.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ақпаратқа қол жеткізу саласындағы уәкілетті орган ретінде мемлекеттік органдардың заң талаптарын орындауына мониторинг жүргізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмысты күшейтеді, - деп атап өтті Аида Балаева.
Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тлеповтың баяндамасында негізгі назар екі мәселеге аударылды. Бұл әрбір мемлекеттік органда ақпаратқа қол жеткізу мәселелері бойынша уәкілетті тұлғаны немесе бөлімшені айқындау, сондай-ақ жыл сайын Мемлекет басшысына ақпаратқа қол жеткізу саласының жай-күйі туралы есеп енгізу.
Министрлікпен ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, мемлекеттік органдардың жауапты қызметкерлері үшін семинарлар ұйымдастырылатыны атап өтілді.
Келесі баяндамада мәслихаттар қызметінің ашықтығы мәселесі қаралды.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары мәслихаттарының сайттарын талдады. Нәтижелер сайтпен жұмыс істеудегі кемшіліктерді көрсетті.
Атырау облысының мәслихаты өзінің жеке интернет-ресурсы жоқ, Ақтөбе, Жамбыл, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарының мәслихаттары сайтта ақпаратты уақытылы жаңартпайды, 9 мәслихатта онлайн-трансляция жазбалары орналастырылмаған.
Пандемия және әлеуметтік алыстау жағдайында, ғаламтор ақпарат алудың негізгі көзіне айналған кезде, мемлекеттік органдардың сайттарындағы ақпаратты уақтылы жаңарту өте маңызды.
Ұлттық экономика министрлігінің өкілі Анар Байтукенова барлық деңгейдегі мәслихат отырыстарын міндетті онлайн-трансляциялауды енгізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
2022 жылдың қаңтарына қарай отырыстардың онлайн-трансляциясын барлық мәслихаттарда енгізу жоспарланып отыр, - деп мәлімдеді Ұлттық экономика министрлігінің өкілі.
Айта кетейік, бұл жұмыс Президент Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 142-тармағы шеңберінде жүргізілуде.
Отырыс қорытындысы бойынша Комиссия мемлекеттік органдарға «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заңға енгізілген өзгерістерді іске асыруға, сондай-ақ мәслихаттар қызметінің ашықтығын арттыруға бағытталған бірқатар ұсынымдар әзірледі.