Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жеңіс күні қарсаңында ақмолалық майдангерлерге 1 миллион теңгеден бір реттік жәрдемақы беріледі.
Жалпы бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 14,4 млн теңге бағытталып отыр. Облыс бойынша екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 20 ардагер бар. Сонымен қатар 372 ақмолалық жеңілдік бойынша ҰОС ардагерлеріне теңестірілген мәртебеге ие. Олардың ішінде Ленинград блокадасында болған үш тұрғын, 22 концлагерь тұтқындары бар. Сондай-ақ, Чернобыль АЭС-індегі апаттың зардаптарын жоюға қатысқан өңірдің 271 тұрғыны және мүгедектігі бар 12 әскери қызметші тіркелген.
Тыл еңбеккерлері, майдангерлердің жесірлері, концлагерь тұтқындары, Ленинград блокадасына қатысушыларға да материалдық қолдау көрсетіледі. Жеңілдіктер бойынша 64 адам Ұлы Отан соғысының қатысушыларына теңестірілген. Олардың барлығы да Жеңіс күніне орай материалдық көмек алады. Ақмола облысында барлығы 5 620 тұрғынды төлеммен қамту жоспарлануда, ал төлем сомасы 166,3 млн теңгені құрайды. Оның ішінде басқа мемлекеттер аумағындағы әскери ұрыстарға қатысқан 779 соғыс ардагері, Ауған соғысы, Ирак пен Таулы Қарабақтағы ұрыс операцияларында жауынгерлік міндеттерді орындаған Қазақстанның әскери қызметшілері, 3 336 еңбек ардагері бар, - деп атап өтті Көкшетау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жетекшісі Қали Ахметов.Адамзат тарихындағы ең ауыр қантөгіс соғыстың аяқталғанына 76 жыл өткенімен, оның қайғы-қасіреті ешуақытта ұмытылмайды. Зарықтырып жеткен Жеңіс күнінің қадірі бәріміз үшін тым қымбат. Ауылда қалған қариялар, әйелдер мен бала-шағалар оқ пен лапылдаған от-жалынның арасында жүрген бауырына, әкесіне, ағасына сеп болсын деп, бар күш-қайратын жұмсап, танымсыз еңбек етті.
Соғыстың алғашқы күнінен бастап Көкшетау ауданындағы 48 колхоз, 3 машина-тракторстанциясы, 2 жылқы заводы мен Көкшетау қаласындағы арақ-шарап, жөндеу-механикалық, кірпіш заводтары, шағын артельдер де майдан үшін өнім шығаруға жұмылдырылды. Мәскеуден көшірілген Подольск тігін заводы қысқа мерзім ішінде қайра жабдықталып, қару-жарақ шығарды. Қоныс аударып келген адамдарды баспанамен, азық-түлікпен қамтамасыз ету біршама қиындық туғызса да кәсіпорындар тоқтаусыз жұмыс істеді. Енбек көрігі ауылда да қыза түсті, - дейді өлкетанушы Гүлбаршын Салық.
Жерлестеріміз өндірістік тапсырмаларды асыра орындаумен бірге танк, самолет жасау үшін қаражат жинап, майданға жылы киім, тамақ та жөнелтіп жатты.
Соғыс жылы туған майдангердің ұрпағы болғандықтан сол кездегі тұрмыс ахуалын үлкендердің айтқан әңгімесінен жақсы білемін. Сондағы менің бір байқағаным – адамдардың отаншылдық сезімдерінің күштілігі және де бір тамашасы өз еркімен майданға сұранушылардың көптігі де таң қалдырды. Мәселен, Сталин колхозынан Торғай Әлиев, Қабиден Мұханбетжанов, Тұяқбай Мұстафинұлттық атты әскер қатарына қабылдауға тілек білдірген. «Қызылсая» колхозында 1941 жылғы 24 маусымда өткен митингіде сөйлеген сөзінде Мұхамедғали Қожахметов «Жасым 65-те, Қызыл Армияға көмек үшін өзіме берілген тапсырманы 150-200 пайызға орындаймын және қажет болған күнде қолыма қару алып, фашистік Германияға қарсы шайқасуға дайынмын» деп мәлімдесе, колхозшылар қауымы салықты мерзімінен бұрын өтеуге, дала жұмыстарын дер кезінде аяқтауға уәде берді, - дейді Көкшетау қалалық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев.
Оның айтуынша, коронавирус пандемиясына қарамастан 9 мамыр – Жеңіс күніне арналған шаралар онлайн режимде өткізілуде.
Әдеттегідей майдангерлердің, тыл еңбеккерлерінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын үнемі назарда ұстап, олардың уақытылы медициналық бақылаудан өтуіне жағдай жасалуда. Қарияларымыз «Ардагерім-ардағым» акциясына, ғылыми-практикалық конференцияға,еңбек ұжымдарында өтетін іс-шараларға да қатысып жүр. 8-9 мамыр күндері Көкшетау техникалық институтының үрмелі оркестірі майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің тұратын үйлердің жанына барып, соғыс тақырыбындағы музыкалық шығармаларды орындаса, «Достар» мәдениет сарайының өнерпаздары ән шырқамақшы, - дейді Шияп Әлиев.
Жеңіс күнін отбасында қарсы алып, отырған Асылбек Дәулетов, Валентина Мазурова, Казимир Беймарт, Саттар Жақанов, Василий Гарбонос, Есқожа Итжанов Украина, Беларусия, Карелия майдандарында ерлікпен шайқасып, Европа елдерін неміс-фашист басқыншыларынан азат етіп бейбіт өмірге де белсене араласып, жасампаз еңбектің үлгісін көрсетті.
Жастарға патриоттық тәрбие беру – тағылымдық жұмыс. Сол себепті де біз Ауғанстан жеріндегі, Тәжік шекарасындағы ұрыстарға қатысушыларменде тығыз қарым-қатынаста белсене жұмыс жүргізудеміз. Күні кеше ғана Чернобыль атом-электр станциясындағы апатқа 35 жыл толуы аталып өтілді. Кеңес Одағының тарихындағы жантүршігерлік апат зардаптарын жоюға Қарулы Күштер жауынгерлерімен бірге көкшетаулық азаматтар да қатысты. Өкінішке орай, олардың көпшілігі қазіргі таңда денсаулығына байланысты медициналық көмекке зәру болып отыр, - дейді ардагерлер кеңесінің төрағасы.