Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақмола полицейлері интернет-ресурстардың көмегімен пирамида ұйымдастырған алаяқты анықтады, деп хабарлайды Polisia.kz.
2021 жылдың 1 наурызында Көкшетау қаласының ПБ кезекші бөліміне Көкшетау қаласының 65 жастағы тұрғынынан бейтаныс әйелдің интернет-ресурстардың көмегімен алдау арқылы 63 мың теңге сомасындағы ақша қаражатын заңсыз иемденгені туралы арыз келіп түсті.
Аталған факт бойынша тәртіп сақшылары ҚР ҚК-нің 190-бабының 2-бөлігімен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеуді бастады. Өткізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Көкшетау қаласының 48 жастағы тұрғынының ақша табу мақсатында 2020 жылы WhatsApp мессенджері арқылы пирамида құрғаны анықталды. Оның құрбандарының қатарында Ақтау, Жаңаөзен, Нұр-Сұлтан, Павлодар қалаларының тұрғындары болған. 20-ға жуық жәбірленушіге жалпы сомасы 70 млн теңгеге залал келтірілген. Аталған әйел өз кінәсін мойындады.