Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ақмола облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жеткілікті қоры бар. Күн сайын мониторинг жүргізіліп тұрады.
Бұл туралы облыс әкімі Ермек Маржықпаев Орталық коммуникациялар қызметіндегі онлайн-баспасөз мәжілісінде айтты.
Аймақта әлеуметтік маңызды тауарларға бағаны тұрақтандыру аясында жергілікті тауар өндірушілер 1,1 миллиард теңгеден астам сомаға азық-түлік тауарларының 7 түріне несие алды. Биылғы жылы бағаны тұрақтандыру тетігін одан әрі іске асыру үшін облыстық бюджеттен 600 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді, - дейді Ермек Маржықпаев.
Оның айтуынша, облыс орталығында «KOKSHE MARKET» әлеуметтік павильондарының желісі кеңейіп келеді.
Бүгінде оның төртеуі ашылды. Тұрақтандыру қорының тауарлары ол жерде нарықтық бағадан 10-15% төмен бағамен сатылып жатыр. Өңірде әлеуметтік маңыздағы азық-түлік тауарларының жеткілікті қоры бар. Күн сайын бұл бағытта мониторинг жүргізіліп келеді. Сондай-ақ сауда үстемесіне қатысты субъектілерге түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, - деді әкім.