Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ақмола облысында «QazVac» отандық вакцинасын халыққа егу басталды. Енді өңірдің әрбір тұрғыны өздері қалаған «QazVac» немесе «Спутник V» вакцинасын таңдай алады.
Ақмола облысында 86 егу пункті ұйымдастырылған. Сонымен қатар ұжымдарда және ауылдық елдімекендерде егу бригадалары бар.
Облыс бойынша 26 жылжымалы мобильді егу бригадасының 7-і қалаларда, 19-ы ауылдық жерлерде жұмыс істейді. Шалғай елдімекендерге түсетін вакцина көлемінің ұлғаюына байланысты жылжымалы медициналық кешендер іске қосылады, олардың саны облыста – 11, – деп атап Ақмола облысының бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина.
«РИО», «ЦУМ» сауда орталықтарында, орталық мешітте егу пункттері ашылды. Коронавирустық инфекцияға қарсы вакцина алғысы келетіндер бұл туралы учаскелік дәрігерге телефон арқылы хабарлай алады. Емхана тізімге енгізіп, кезек тәртібімен екпе алуға шақырады. Сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрлігі «электрондық үкімет» порталында «вакцинацияға жазылу» жаңа қызметін іске қосты.
Өңірге Қарағанды фармацевтикалық кешені базасында өндірілген «Спутник V» вакцинасының 30900 дозасы түскен. Бірінші компонентпен 25 886 адам, екінші компонентпен 6 910 адам егілді. Облыста вакцинациядан кейінгі асқыну жағдайлары тіркелген жоқ.
Облысқа «QazVac» вацинасының 2 мың дозасы келіп түсті. Иммундау процесі «Спутник V» вакцинасымен бірдей, айырмашылығы – бір ампула бір адамға арналған. Ал спутниктің бір ампуласында 5 доза бар. Оны жеткізуде тоңазытқыш қондырғыларды қажет етілмейді. Егу процесі «Спутник V» вакцинациясына ұқсас, тұрғындар егу пунктіне келіп, дәрігердің қарауынан өтіп, сауалнаманы толтыруы керек, содан кейін вакцина инъекциясын ала алады. Екінші дозаны 21 күннен кейін алуға болады, - деп түсіндірді Айнагүл Мусина.
Оның айтуынша, вакцина алған кезде инъекция орнында терінің ауырсынуы, ісінуі және қызаруы, сондай-ақ шаршау, дене қызуының жоғарылауы сияқты жалпы реакциялар пайда болуы мүмкін. Бұл көріністердің ұзақтығы әдетте үш күннен аспайды. Препараттың жеке компоненттеріне аллергиясы бар, сондай-ақ, жұқпалы аурулары, дене қызуы бар адамдар үшін қарсы көрсетілімдер бар.
Бас санитар дәрігер екі түрлі вакцинамен екпе алуға болмайтынын айтты.
Егер бірінші компонент «QazVac» болса, екіншісі де сондай болуы керек. Егер қандай да бір себептермен сіз вакцинаны 21 күннен кейін ала алмасаңыз, оны үш күн бұрын, бірақ көрсетілген мерзімнен бір апта кешіктірмей жасай аласыз. Бүгінгі таңда Ақмола облысында 25 мыңға жуық адам егілді. Екпе алуға тілек білдірушілер көп. Мамыр айында шамамен 50 мың доза жеткізіледі деп күтілуде, - деп қосты Айнагүл Мусина.