Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы қамауға алынды

7 Сәуір 2021, 12:07
1205
Бөлісу:
Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы қамауға алынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Сүлен Ілиясов қмауға алынды, деп жазды kokshetau.asia. 

Көкшетау қалалық тергеу сотының қаулысына сәйкес, экс-шенеунік 1 сәуірден бастап екі ай мерзімге қамауға алынды. Оған қызметтік мансабын асыра пайдалану мен өзіне сеніп тапсырылған мүлікті талан-тараж ету айыбы тағылып отыр. Аталған қылмыс үшін 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. 

Сот қаулысымен келіспеген Ілиясов Ақмола облыстық сотына оны қайта қарау жөнінде арызданған. Істі Бас прокуратураның тергеу тобы жүргізуде. Экс-шенеунікті қамауға алу жөніндегі құжатта оның еркіндікте жүріп тергеу процесіне кедергі келтіру немесе із суытуы ықтимал деген себептер көрсетілген. 

Расталмаған мәліметтерге сәйкес, Сүлен Ілиясов онсыз да тапшы өкпені жасанды желдету аппаратын мемлекеттік ауруханалардан жекеменшік ұйымдарына өткізіп берген. Екінші криминалдық фактінің бірі оның бюджет қаражатына салыған нысанды коммерциялық құрылымдарға беруі, - делінген басылымда. 

Сүлен Ілиясов осыдан бір ай бұрын қызметінен өз еркімен кеткені белгілі. Ол бұл қызметке Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың шешімімен өткен жылдың ақпан айында тағайындалған болатын. Оның басқаруы кезінде медцина саласы коронавирус пандемиясымен бетпе-бет келді. Онымен күреске бюджеттен қомақты қаржы бөлінді. 

Сүлен Ілиясов 1966 жылы 28 қазанда дүниеге келген. 1990 жылы Қарағанды медицина университетін «дәрігерлік іс» мамандығы бойынша тәмамдады. Өзінің еңбек жолын 1991 жылы Көкшетау қалалық ауруханасында уролог дәрігер болып бастаған. Соңғы тоғыз жылда Көкшетау қалалық №1 ауруханасын басқарып келген.

Өзгелердің жаңалығы