Бұл туралы Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек ведомствоның апталық брифингінде мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитеті биыл 1 қыркүйекке дейін Қазақстанға әкелінген шетелдік автокөліктерді заңдастыру туралы түсіндірді. Қазір бұл үшін мемлекеттік органдар барлық қажетті заңнамалық және ұйымдастырушылық шараларды қабылдауда. Экологиялық және Салық кодекстеріне түзетулер әзірленді. Азаматтар бастапқы тіркеу үшін 200-250 мың теңге көлемінде ғана алым төлейтін болады. Заңдастыру кезінде утиль алым төленбейді. Кодекстерге түзетулер келесі жылдың қаңтарынан бастап күшіне енеді, сондықтан заңдастыру келесі жылдан бастап жүргізілетін болады. Кейінірек әкелінген автокөліктер заңдастыруға жатпайды және жалпы негізде тіркеледі, - деп атап өтті ведомство өкілі.
Айтуынша, бүгінгі таңда ІІМ және басқа да мемлекеттік органдар автокөліктерді заңдастыруды барынша қарапайым және түсінікті ету тәсілдерін әзірлеп жатыр.
Автокөліктерді заңдастыру үшін полицияға онлайн-өтініш беру мүмкіндігі пысықталуда. Полициямен байланыс орталықтарының жұмысы ұйымдастырылады. Тіркелген көліктерге қарапайым ақ нөмірлер беріледі, полиция қандай да бір шектеулер қоймайды.
Еуразиялық экономикалық одақтың тауары болып саналмайтын автокөліктер кедендік баждарды төлеуі тиіс. Бұл үшін Қаржы министрлігі азаматтарға қолайлы кедендік декларациялау тетіктерін әзірлеуде. Заңдастыруды өткізудің барлық шарттары әзірленгеннен кейін Үкіметтің тиісті қаулысы қабылданатын болады. Айта кету керек, заңдастыруға «қылмыстық» және кедендік бақылаудан өтпеген автокөліктер кірмейді. Автокөліктердің шығарылған жылына және экологиялық санаттарына қарай талаптар жоқ. Қалған талаптар бойынша шешім қазір ұлттық және халықаралық заңнаманы ескере отырып қабылдайды, - деп атап өтті Шұғыла Тұрлыбек.