Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Әкімшілік істен қылмысқа дейін: "Жанабыловтар ісі" қоғамға қалай әсер етті?

Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
23 Қыркүйек 2025, 13:19
2605
Бөлісу:
 BAQ.KZ  BAQ.KZ коллажы
Фото: BAQ.KZ BAQ.KZ коллажы

Қазақстандағы ең танымал блогерлердің бірі Ерболат Жанабылов пен жұбайы Эльмира Төлегенова өткізген ойын ұтысы сотқа жетіп, әкімшілік іс қылмыстық тергеуге берілді. Бұл жағдай қоғамда блогерлердің жауапкершілігі, лотерея ұйымдастыру заңдылығы және интернет кеңістігін реттеу қажеттілігі жайлы кең талқылау туғызды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оқиға неден басталды?

Ерболат Жанабылов – 8,4 миллион, Эльмира Төлегенова – 7,1 миллион оқырманы бар, Қазақстандағы ең ықпалды блогерлер қатарында. Олардың жазбалары миллиондаған қаралым жинап, ұтыс ойындары жиі әлеуметтік желіде трендке айналады.

18-21 тамызда блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенова әлеуметтік желіде ұтыс ойыны болатынын жариялады. Желі қолданушылары тікелей эфирді күтсе де, орнына ақылы курсқа сілтеме алды. Қатысу үшін 30 мың теңге көлемінде ақы төлеу қажет болды. Яғни, курс сатып алғандар ғана ұтыс ойынына қатыса алды.

Бұл жайт көпшіліктің наразылығын тудырып, мемлекеттік органдарға шағым түсті. Туризм және спорт министрлігі осы әрекетті заңсыз деп танып, “ұтыс пен лотереяны тек ресми операторлар мен агенттер ғана өткізе алады” деп еске салды.

Министрліктің ұстанымы

Туризм және спорт министрлігі блогер Ерболат Жанабыловқа қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 445-1-бабы, 6-бөлігі бойынша хаттама толтырды. Бұл бап – лотерея қызметін заңсыз ұйымдастыруға қатысты.

Сот шешімі

15 қыркүйек күні Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты әкімшілік істі тоқтатып, материалдарды Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жіберді. Себебі, Жанабылов пен оның жұбайы Төлегенованың әрекетінде қылмыстық құқықбұзушылық белгілері бар деп танылды.

Сот дерегінше, 30 мың теңгелік курсқа 6 мың адам қатысқан. Судья блогерлердің әрекеттерін заңсыз кәсіпкерлікке жатқызуға болатынын мәлімдеді.

ҚР ӘҚБтК-нің 742-бабына сәйкес, әкімшілік іс тоқтатылып, материалдар Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жолданды, – деді сот.

Заңгерлер не дейді?

Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясының қолдауымен ашылған “One Stop service - Бір қадам” орталығының үйлестірушісі, заңгер Ләззат Рақышевадан осы мәселеге қатысты пікірін айтты.

Әкімшілік істің Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне берілуі – қылмыстық құқықбұзушылық белгілерінің бар-жоғы тексерілетінін көрсетеді. Бұл стандартты тәжірибе. Мұнда асықпай, тексеру нәтижесін күту маңызды. Өйткені заң кінәсіздік презумпциясына сәйкес дәл осындай көзқарасты талап етеді. Қоғам мұндай жағдайға эмоцияға берілмей қарауы тиіс. Бір жағынан, танымал азаматтардың әрекеті ашық әрі заңды болуы керек, бірақ екінші жағынан, кінәсі дәлелденбей жатып асыра сілтеп, қудалауға жол бермеу қажет, - деді заңгер.

Оның сөзінше, курстарды сату – заңға қайшы емес. Егер бәрі заңды түрде рәсімделсе, шарттары ашық болса және блогер аудиторияны алдамаса – бұл кәдімгі кәсіпкерлік қызмет.

Танымал блогерлерге қатысты сот процестері қоғамға әсер етуі мүмкін. Мұндай істер интернетті қалай реттеу керектігі, жауапкершіліктің қай жерде басталып, қайда аяқталатыны жөнінде кең талқылауға себеп болады. Ақыр соңында, бұл құқықтық жүйеде өзгерістерге немесе адамдардың сатып алатын дүниелеріне мұқият қарауына әкелуі ықтимал, - деп айтты Рақышева.

Заңгер Нұрсұлтан Орынбеков те заңсыз ұтыс өткізгендерге жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.

Лицензиясыз ұтыс ұйымдастырған жағдайда ҚР ҚК-нің 214-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Сот істі қылмыстық форматқа ауыстырды. Енді онымен Экономикалық тергеп-тексеру департаменті айналысады. Сондықтан блогерлер абай болуы тиіс. “Курсымыз бар” деп үй немесе көлік ойната беру – заңға қайшы әрекет, - деді ол.

Қоғам пікірі қандай?

Әлеуметтік желілерде тараған видеоларға халық мынадай пікірлер қалдырып жатыр.

- “Халықтың ақшасын қайтарсын”

- “Халықтың ақшасымен байып жатыр. Сондықтан тексеру керек”

- “Көлік ұтып алған адамдарды шақырыңдар. Ол тікелей эфирде онымен (көлік ұтқан азамат – ред.) телефон арқылы сөйлескен”

- “Қазақстанда әділеттілік бар екен”

- “Егер шынайы болса, неден қорқады?!”

- “Перизаттың (волонтер Қайрат – ред.) ісінен кейін гив өткізетін блогерлерді тексеретіні туралы ескертілді ғой”

- “Өте дұрыс, барлығын тексеру керек”

Заң не дейді?

Қазақстанда лотереяларды ұйымдастыру 2016 жылғы 9 сәуірдегі “Лотереялар және лотерея қызметі туралы” заңмен реттеледі. Лотерея өткізу үшін міндетті түрде лицензия алу қажет. Әйтпесе, ҚР ҚК 214-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Сонымен бірге, ҚР ҚК 274-бабы жалған ақпарат таратуға қатысты қатаң талап қояды. Егер таратылған ақпарат қоғамға немесе азаматтардың мүддесіне зиян келтірсе, жауапкершілікке әкеледі.

Жанабыловтар ісі – қоғамда блогерлердің жауапкершілігі мен онлайн-контентті реттеу қажеттілігі жөнінде қызу пікірталас тудырды. Бұл іс қазақстандықтардың интернеттегі тұтынушылық мәдениетіне әсер етуі мүмкін.

Өзгелердің жаңалығы