Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Елімізде су тасқынына қарсы іс-шаралар туралы» тақырыбы аясында өткен онлайн брифинг кезінде ҚР ТЖМ Төтенше жағдайлардың алдын алу департаментінің бастығы Амрин Рустамбек айтты.
Төтенше жағдайлар министрлігі орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, көктемгі су тасқыны кезінде болуы мүмкін төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында шаралар кешенін ұйымдастыруда. Мәселен, өткен жылдардың тәжірибесіне сүйене келе және өткен жылғы су тасқыны қорытындысы бойынша 2021 жылдың су тасқыны кезеңіне дайындық мақсатында 2020 жылдың жазында алдын ала ел өңірлерде 150 шақырымдық қорғау бөгеттері, 400 шақырымдық (374,7) жағалауды нығайту, түбін тереңдету, су тасқыны қаупі бар өзендердің арнасын түзету, 15 мың шақырым(15,48 мың) су бұру каналдары орнату, 5 мың (5 078) каналды және 7 мың (7 302) арықтар мен су өткізу құрылыстарын тазарту бойынша жұмыс жүргізілді, - деді ол.
Оның айтуынша, биыл су тасқынына дайындық, яғни төтенше жағдайлардың алдын алу және жою мәселелері облыстық және аудандық комиссиялардың 281 отырысында қаралды. Бұл мәселе сонымен қатар, республикалық деңгейде Премьер-министрдің орынбасары Р.В.Склярдың төрағалығымен өткен төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі ведомствоаралық мемлекеттік комиссияның отырысында және 23 ақпанда Үкімет отырысында да күн тәртібіне қойылған.
Көктемгі кезеңдегі ТЖ жоюға Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесін дайындау, сондай-ақ су тасқыны қаупі жағдайында ел аумағын қорғау бойынша іс-қимылдарды пысықтау мақсатында биыл 4-5 наурыз аралығында "Көктем-2021" шарасы өткізілді. Әкімдіктер 27,2 млн м3 астам қар шығарды. Қар шығару жұмыстары жалғасуда, - деді спикер.