- Мұқаба
- Жаңалықтар
- "Әкімдік жауапты": Алдын алу шаралары жүргізілсе де, Ақмолада бөгет жарылды
"Әкімдік жауапты": Алдын алу шаралары жүргізілсе де, Ақмолада бөгет жарылды
Алдын алу және алдын ала бағалау жұмыстарына қарамастан, кеше Ақмола облысының Қорғалжын ауданындағы Сабынды ауылының маңында Шөптікөл бөгеті жарылды.
Бүгiн 2026, 17:55
4 күн бұрын Ақмола облысы аумақтарына әуеден тексеру жүргізіліп, мониторинг барысында қар қоры бағаланды. Мұндай іс-шаралар су басу қаупін, осал учаскелерді уақытылы анықтауға және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін алдын алу шараларын қабылдауға мүмкіндік береді деп есептеледі. Дегенмен алдын алу және алдын ала бағалау жұмыстарына қарамастан, кеше Ақмола облысының Қорғалжын ауданындағы Сабынды ауылының маңында Шөптікөл бөгеті жарылды. BAQ.KZ тілшісі мұның себебін анықтап көрді.
Бөгет бұзылды: Қазіргі жағдай қандай?
Ақмола облысының Қорғалжын ауданында Сабынды ауылынан солтүстікке қарай 2 шақырым жерде орналасқан Шөптікөл су қоймасының бөгеті бұзылды.
Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, елді мекенді су басу қаупі жоқ. Оқиға орнында құтқарушылар, жергілікті атқарушы органдар, полиция және жол қызметтері жұмыс істеп жатыр.
Су егістік алқаптарға жайылып, Астана – Қорғалжын тасжолының 75-шақырым тұсын кесіп өткен. ҚазАвтоЖол компаниясының хабарлауынша, жолға су жайылмаған, көлік қозғалысы ашық.
Қазіргі уақытта жақын маңдағы елді мекен – Сабынды ауылын су басу қаупі жойылды, барлық нысандар қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Жергілікті атқарушы органдар, ТЖМ күштері және тұрғындардың қатысуымен Астана – Қорғалжын республикалық автожолының жол жамылғысының деңгейін көтеру арқылы еріген суды дала аймағына бұру жұмыстары жүргізіліп жатыр, - деп жауап берді Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Бөгет бұзылуының себебі неде?
BAQ.KZ редакциясы Шөптікөл бөгетінің жарылу себебін Қорғалжын ауданының әкімі Алмас Алиннен сұрады. Оның айтуынша, адамдар бөгетті күніне 3 рет бақылап отырады. Әкім 5 сәуір таңертең, түстен кейін және 16:00 кезінде бөгетте су деңгейі қалыпты болғанын, 2 сағаттың ішінде даладан аяқ астынан су жиналып келгенін айтты.
Даладан қардың суы жиналып, тез арада еріді. Судың бетіндегі мұздар құбырды екпінмен ұрған. Қазір бөгетті орнына келтірдік. Ауылды су басқан жоқ. Техниканың барлығын сол жерге жұмылдырдық. Қазір жағдай тұрақты, жолдар жұмыс істеп тұр, - деді аудан әкімі.
Алмас Алин бөгеттің жарылуын алдын алу жұмыстары да, тексеру жұмыстары да әкімдік жауапкершілігінде екенін және биыл толыққанды жүргізілгенін жеткізді. Дегенмен бөгеттің бұзылуын алдын ала болжау мүмкін емес екенін атады.
Себеп қардың тез еруі, судың көп келуі болып тұр. Қыстың аяғындағы 3 күн боранда ол жаққа біраз қар жауды ғой. Далада өте көп қар жатыр. Оның тез еріп кетуіне байланысты алдын ала болжау мүмкін емес. Өйткені көп су қардың астына жиналып, мұздар қозғалып, үлкен бөгеттерді бұзып өту қауіпі жоғары, - деді ол.
Сондай-ақ Қорғалжын ауданының әкімі бөгеттердің барлығына ерекше назар аударылып жатқанын да айтты.
Бізде Шалқарда, Ұялы ауылында бөгеттер бар. Ұялы ауылындағы бөгетке былтыр 9 миллион теңге ақша бөлгенбіз. Биыл да сондай қаражат бөлдік. Ол жұмыстарды бітіреміз, көптен бері қолға алынбаған жұмыстар ғой. Көп бөгеттер Совет үкіметінен бері келе жатыр, - деді Алмас Алин.
Бөгетті қалпына келтіруге қанша шығын кетті?
Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметі мәліметінше, Шөптікөл бөгеті бұзылуының салдарын жою жұмыстарына 56 техника және 230-дан астам жергілікті тұрғын мен ТЖМ жеке құрамы жұмылдырылды. 5 мың қап және 50 мың тонна инертті материал дайындалды, 800 метр жер үйіндісі төселді.
Айта кетейік, Шөптікөл бөгетінің сыйымдылығы 4,71 млн текше метр суды құрайды, су айдынының аумағы 157 гектар, орташа тереңдігі шамамен 3 метр. Нысан Астана – Қорғалжын республикалық автожолының бір бөлігін су басудан қорғайды, сондай-ақ Шевченко және Балқаш тоғандарын сумен қамтамасыз етеді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ақмола облысында су бөгетінің бұзылып, апаттық-қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын жазғанбыз.
Белгілі болғандай, Ақмола облысының Қорғалжын ауданында, Сабынды ауылы маңындағы Шөптікөл бөгетінің бұзылуы салдарынан су алқап арқылы елді мекен бағытына қарай жайылып, «Астана – Қорғалжын» республикалық автожолының 75-шақырым тұсын кесіп өтуде. Алайда су жолдың жүру бөлігіне шықпаған.
Ең оқылған:
- Қарағанды маңында 50 жолаушысы бар вахталық автобус аударылды
- Атырауда балабақшадағы шкаф құлап кеткен: Бір бала жарақат алды
- NASA Айға оралды, бірақ көздегені – Марс: Сарапшы миссияның мәнін түсіндірді
- Астанада балалардың көліктерді қиратқаны видеоға түсіп қалды: Кім жауап береді?
- Иранда 30-дан астам университетке соққы жасалды
Жансая ҚАМБАР