Әкімдерді сайлау: Өңірлерде тікелей сайлау өткізу тәжірибесі қалыптасты

13 Желтоқсан 2023, 16:16
704
Бөлісу:
Әкімдерді сайлау: Өңірлерде тікелей сайлау өткізу тәжірибесі қалыптасты
Фото: BAQ.KZ - архив

Елімізде аудандық және қалалық деңгейде пилоттық сайлау өтті. Сайланған әкімдердің бұрынғылардан қандай ерекшелігі бар екенін ҚР ҰЭМ Өңірлерді талдау және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту департаментінің директоры Анар Байтөкенова айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Президент алғаш рет ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізу туралы бастама көтерді. Айтыңызшы, бұл реформа бізге не береді, қарапайым азаматтар үшін не өзгеруі мүмкін?

Өздеріңіз білетіндей, 2013 жылы ауыл әкімдерін жанама сайлау енгізілді, онда халық өз әкімдерін іс жүзінде білмеді, оларды тиісті мәслихаттардың депутаттары сайлады. Нәтижесінде ауыл әкімдеріне арнаулы орта білімі бар кандидаттарға өзін ұсынуға мүмкіндік, сондай-ақ үгіт-насихат науқанының мерзімі 8 күннен 17 күнге дейін ұзартылды. 

Азаматтар үшін басты пайдасы – бір жағынан, өздеріне жақын, азаматтар арасында белгілі бір беделге ие және өз ауылын дамытуға инвестиция салуға дайын кандидаттарды таңдау мүмкіндігі. Екінші жағынан, бұл сайлау үміткерлерді де қатты ынталандырады. 

Біріншіден, олар енді өз сайлаушылары алдында жауап беруі керек. Сондай-ақ біз азаматтардың өз өңірін дамыту мәселелеріне деген қызығушылығының артып келе жатқанын ғана емес, сонымен қатар саяси партиялардың белсенділігін де байқай аламыз. 

Бұған дейін саяси партиялар негізінен өкілді органдардың депутаттарын сайлау кезінде ғана өз қызметін «белгілеп», мәлімдей алатын. Тиісінше, барлық қызмет ірі қалалар мен облыс орталықтарында шоғырланған. Кейбір партиялар жайлы азаматтардың көпшілігі осы кезеңде ғана естіген. 

Енді саяси партиялар арасындағы бәсекелестік біртіндеп артып келеді. Сондықтан қоғам да, тұтастай алғанда, мемлекеттік басқару жүйесі де әкімдерді сайлауды енгізуден пайда көреді.

Сайланған әкімдердің мәртебесін нығайту үшін қандай әлеует бар? Олардың дербестігі пайда бола ма және бұрын тағайындалған әкімдерден қандай ерекшелігі болады?

Расында да, сайланатын мемлекеттік қызметшілерді енгізе отырып, олардың дербестігін, сондай-ақ қоғам мен мемлекет алдындағы жауапкершілігін арттыру қажет. Әкімнің жұмысы кезінде көптеген мәселелер белгілі бір өкілеттіктердің, әрине, тиісті қаржылық мүмкіндіктердің жоқтығына байланысты. 

Бұл міндеттерді шешу үшін Үкімет жұмыс істеп жатыр. Атап айтқанда, фискалдық орталықсыздандыру жөніндегі шараларды көздейтін заңнамалық түзетулер әзірленді. Бірқатар салықтар мен төлемдер төменгі деңгейлерге беріледі.

Сонымен қатар Президент өзінің қыркүйек айындағы Қазақстан халқына Жолдауында аудандар мен қалалардың қаржылық дербестігін кеңейту қажеттігін атап өтті. Бұл бастамалар біздің министрліктің нормашығармашылық қызметі шеңберінде де көрініс табатын болады.

Бұдан басқа, мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы функцияларды орталықсыздандыруды, оның ішінде аудандар, қалалар мен ауылдар әкімдерінің өкілеттіктерін кеңейтуді қозғайтын әкімшілік реформалардың екінші пакеті дайындалды. Жақын арада бұл түзетулер Парламент депутаттарының қарауына түседі.

Өткен айда аудандық және қалалық деңгейде пилоттық сайлау өтті. Әкімдер корпусында қандай өзгерістерге қол жеткізілгенін білгіміз келеді. 

Сайлау 42 ауданда және облыстық маңызы бар 3 қалада өтті. Пилот өтетін өңірлердің тізбесін тиісті облыстардың мәслихаттары айқындады. Бүгінде еліміздің әр түкпірінде апта сайын ауыл әкімдерін сайлау өткізіледі. Сондықтан өңірлерде тікелей сайлау өткізу тәжірибесі қалыптасқан. 

Сонымен қатар азаматтар түрлі сайлау науқандарына үйреніп үлгерді деп ойлаймын. Сайлауға мүлдем басқа салаларда жұмыс тәжірибесі бар адамдар қатысты: экономистер, заңгерлер, оқытушылар, инженерлер, ауыл шаруашылығы қызметкерлері және т.б. 

Сайлау қорытындысы бойынша 15 кандидат (33%) алғаш рет әкім лауазымдарына сайланды, оның ішінде 11-і әкім орынбасарлары лауазымдарын атқарған, 2-уі аудандық мәслихаттардың төрағалары болған және 2-уі мемлекеттік емес құрылымдардың өкілдері болды. Қалған 30 үміткер қазіргі әкімдер болды, оның ішінде 29-ы өзінің қолданыстағы орындарын сақтап қалған және 1-әкім басқа ауданға қайта сайланды.

Сайланған 45 әкімнің гендерлік құрамы бөлігінде 2-уі – әйел, қалған 43 – ер адам. Бұл сайлау пилоттық сипатқа ие екенін атап өтеміз. Қорытындысы бойынша заңнама тарапынан да, іске асыру тарапынан да барлық кемістік мен кемшіліктер қаралатын болады.

Әңгімеңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы